Бизнес және экономика

Бизнесті мемлекеттік қолдау

 

 

«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мен қаржы институттары мамандарынан құралған мобильдік топтың Есіл ауданының орталығында өткізген көшпелі отырысына қатысушылардың қарасы қалың. Мобильдік топ мүшелері жиналғандарды шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту тұрғысындағы мемлекеттік бағдарламалардың оңтайлы тұстарынан хабардар етті. Олар негізінен бұқараға ауылдық жерлерде өз ісін ашқандарға қаншалықты көмек болатындығы жайында әңгімелеп берді. Сөз төркіні ауыл халқына берілетін төмен пайызды несиеге қатысты.

Ольга Белкинаның жеке кәсіпкерлікпен айналысқанына 20 жылға жуық. Халыққа фармацевтік қызмет көрсетеді. Бүгінге дейін мемлекеттің көмегіне жүгініп көрмепті. Алайда шаруасын одан әрі өрістетуді көздеген Ольга «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры мамандарының ақыл-кеңесіне жүгініп отыр. Әрине мемлекеттік демеудің өзіне тиімді тұсын анықтау тұрғысында.

 

Ольга Белкина, жеке кәсіпкер:

-Меншігімде қазіргі күні бос тұрған нысан бар. Алғашында соны сатуды көздегем, алайда алушы табылмады. Сондықтан бүгінде мәселемді айтып, кәсіпкерлерді қолдау тұрғысында мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырып отырған қаржы институттары өкілдерімен жүздестім. Олар маған қолданыстағы кәсібімді кепілдікке қойып, қаржы алуға болатындығы жайында кеңес берді. Екінші деңгейлі банктерге қарағанда жылдық үстеме пайыздары да қалта көтерерлік. Ойланып көремін.

 

Бүгінде Есіл ауданындағы шағын бизнес субъектілерінің саны 600-ге жуықтаса, орта бизнес нысандарының саны 10-нан асқан. 199 шаруа қожалығы мен 400-ге жуық серіктестік бар. Жиын барысында іскер жандардың әрқайсысы несие алу тұрғысындағы өздерін толғандырған сауалдарын ортаға салып, нақты жауаптар алды.

 

Серік Базарбаев, Есіл аудандық кәсіпкерлерді қолдау қорының директоры:

-Бізден негізі өз ісін ашқысы келетіндер ақыл-кеңес сұрайды. Біз оларды шағын және орта бизнесті дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламалардан құлағдар етіп, жеке кәсіпкерлікке қажетті құжаттарын әзірлеуде көмек көрсетеміз. Қызметтеріміздің бәрі тегін. Сондай-ақ шаруасын дөңгелеткен азаматтарға да кәсіби тұрғыда қол ұшын береміз. Оның дені даму қоры арқылы несие рәсімдеу, лизингке техника мен ірі қара алуға қатысты.

 

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуда мемлекет тарапынан қолдау ұшан-теңіз. Алайда шалғай елді мекен тұрғындары бұл реттегі мемлекеттік бағдарламалардың бірін білсе, екіншісінен бейхабар болып жатады. Мобилдік топ мүшелерінің міндеті бұқараны соны мәліметтерден құлағдар ету. Оның тиімділігіне тағы бір мәрте көз жеткіздік дейді есілдік ағайын.

 

Самат Есмағи