Қоғам

Қызылжар мешітінің басшысы христиандарды Пасхамен құттықтады

 

Дүниежүзі христиандары шіркеудің ең басты және ең көне мерекесі Иса пайғамбардың қайта өмірге келуі – Пасханы 8 күн бойы тойлайды. Қасиетті аптаның  дүйсенбісінде де жамиғат құдайдан жақсылық тілеп сыйынады.

 

Епископ Гурий, Петропавл-Булаев епархиясының басшысы:

– Бұл күннің әр христиан үшін маңызы зор. Егер Христос екінші рет өмірге келмесе, біздің сеніміміз бекер болар еді. Ол көптің қамы үшін төзіп, жанын аямады. Бүгінде дінімізді уағыздауға жол ашық. Қазақстанда барлық конфессияларға жақсы қарым-қатынас қалыптасқанына қуаныштымын.

 

Петр мен Павел соборындағы кезекті жаратқанға жалбарынған литургия рәсіміне мұсылман қауымдастығының өкілдері куә болды. Проваслав сенімдегі жерлестердің тойына ортақтасқан “Қызылжар” орталық мешітінің наиб имамы Руслан Қайыргелді жиналғандарды  мейраммен құттықтады.

Бұл күннің енді бір дәстүрі – сыйлық алмасу. Еписков Гурий меймандарға – пасхалық сый-сыяпат тарту етті.

Биыл провослав пен католик христиандарының пасхасы бір уақытқа тұспа-тұс келіпіті. Бұл 30 жылда бір орын алатын сәйкестік.

 

Дариуш Пашинский, Петропавлдағы рим-католик приходы «Қасиетті Троица» діни бірлестігінің жетекшісі:

– Мерекені тойлауда аса айырмашылық  жоқ. Негізгі діни рәсімдер мен салттарымыз ортақ. Бастысы Пасха ауызбіршілікке шақырады. Қайырымды болуға үндейді. Мереке алдында ауыз бекіткен халық жанын тазартады. Құдайға жалбарынып, баршаға жақсылық тілейді.

 

Мұсылман қауымдастығының өкілдері облыс орталығындағы рим-католик шіркеуінде де болды. Діни бірлестіктің жетекшісі меймандарды мейрамның басты нышандарымен таныстырды. Бұл елімізде орнаған діни келісім мен ұлтаралық достықтың енді бір жарқын белгісі.

 

Жеңіс Ермұқанов