Спорт

“Қызылжар СК” футбол командасы өз алаңындағы алғашқы ойынын өткізді

 

 

Алғашқы кездесуінде «Қызылжар СК» құрамасы сәтті ойын өрнегін көрсетіп, жеңіске жеткен болатын. Өз алаңында қонақтарды қабылдаған жергілікті командадан көрермендер дәл сондай сауатты тартысты күтті. Алайда бірінші тайм еш өзгешелігімен есте қалмады. Екі команданың да аяқдоп шеберлері жиі қателіктерге бой алдырып, көрермендер көңілінен шыға алмады. Десе де, солтүстікқазақстандықтар ойынның екінші бөлігінде жағдай өзгеретіндігінен үмітті болды.

 

-Гол соғылған жоқ. Екінші таймда соғар бірдеңе ғып. Алғашқы ойын ғой жеңіс күтеміз.

-Жігеттер жақсы ойнаса, халық та көп келеді. Бүгін міне көрермендер көп. Бірінші үштікте болсын деп тілейміз.

 

Ойынның екінші жартысы алғашқысына қарағанда ширақ басталды. Талдықорғандықтар сауатты ойнап, алаң иелерінің қақпасын торуылдаумен болды. Нәтижесінде қонақтар алғашқы болып есеп ашты. Кейін таблодағы санды өзгертпек болған жергілікті құраманың жаттықтырушысы Эдуард Глазуновтың ойыншыларды алмастыру әрекетінен түк шықпады.

Ойынның негізгі бөлігіне қосымша 4 минут қосылды. Бірақ ол да жергілікті командаға есепті теңестіруге мүмкіндік бермеді. Сөйтіп «Қызылжар СК» құрамасы, талдықорғандықтарға есе жіберіп, чемпионаттағы алғашқы жеңілісін тапты. Ал «Қарасай» стадионындағы кезекті ойын 3 мамыр күні өтеді. Онда жергілікті команда Өскенменнің «Востогын» қабылдайды.

 

Мағжан Ахмадина