Қоғам

Соғыс ардагерлері мен оларға теңестірілгендерге жеңілдіктер көбейді

 

 

 

Петропавлда 184 ҰОС ардагері тұрады. Оның 24-і Ленинградты жаудан азат еткені үшін медалімен марапатталған, 11-і фашистік концлагерьде болған, 400 адам тылда еңбек еткен. Сондай-ақ қаламызда соғыстан оралмаған 54 жауынгердің жесірі тұрады. Осы санаттағы адамдарға Үкімет қаулысына сәйкес енді мемлекеттен қаржылай қолдау жасалып тұрмақ.

 

Сара Тасеменова, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

-Бұдан былай енді Ленинградты қорғағаны үшін медалімен марапатталған, сол кезде станоктарда тұрған, госпитальда жұмыс істеген, бала кезінде колхоз, совхоздарда әке-шешесімен ауылшаруашылығына араласқан азаматтар тыл еңбеккерлерінің қатарына жатқызылады. Олар ай сайын 3 945 теңгеден алатын болады.

 

 

Сондай-ақ мемлекеттен көмек ретінде ардагерлердің коммуналдық төлемдеріне қажет қаражат жергілікті бюджеттен ай сайын бөлініп отыратын. Биыл қалалық мәслихаттың шешімі бойынша енді ол жәрдемақы жылына бір рет берілетін болады. Бүгінде 184 соғыс ардагеріне 17 млн, теңгеден астам қаражат бөлінді. Және тыл еңбеккерлері мен оларға теңестірілген тұлғаларға жалпы сомасы 10 млн теңгеден астам қаражат қарастырылды. Аталған қаржы олардың жеке есепшотттарына 9 сәуір аударылды.

 

Сара Тасеменова, қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары:

– Қазіргі таңда өкінішке қарай, 11 ардагеріміз жеке меншік жер үйде балаларымен, немерелерімен тұрады. Ол кісілер заң бойынша жаңа тұрғын үй алуға өтініш жазған жоқ. Сонда да бұл кісілерге шамамыз келгенше көмек жасап тұрамыз. Қалалық әкімдік 1 мамырдан бастап қаламызда Жеңіс күніне байланысты көп іс-шаралар ұйымдастырады. Өкінішке қарай, көзі тірі ардагерлердің 80 пайызы маңызды шараға қатыса алмайтын түрі бар. Өйткені, үйінен шыға алмайды. Тек 20-30-ы ғана жастармен кездесу өткізбек.

 

Жақында қайырымдылық сенбілігінде тұрғындар ардагерлер кеңесінің есепшотына 4 млн. теңге аударған. Ол қаражат ардагерлер мен мүгедектердің жеке мұқтаждықтарына жұмсалмақ.

 

Берік Қасен