Бизнес және экономика

Жаңа естелік монета футболдан Әлем чемпионатына арналды

 

Ұлттық банк мамандарының айтуынша, бұл монета біреуге тарту ету үшін де тамаша сыйлық болып табылады. Өйткені, ол 4 жылда бір рет бүкіл дүние жүзінің мықты деген футболшылары жиналатын FIFA-2014 әлем чемпионатына арналған. Бұған дейін осындай біреуі 2010 жылы шығарылған екен. Әрі оның таза күмістен жасалып, ерекше безендірілгені монетаның құндылығын бағалай білетін нумизматтарды ғана емес, кез келген адамды қызықтыруы мүмкін.

 

Ескендір Сүлейменов, “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚФ маманы:

-Бұл монетаның бет жағындағы ҚР Елтаңбасы және осы монетаның номиналы бейнеленген. Оның салмағы, сынамы және 2014 жылы шығарылғаны көрсетілген. Ал, сырт жағында спортшылардың ойын кезіндегі бейнесі бейнеленген.

 

Ескерткіш монеталардың таралымы – 6 мың дана. Соның 3 мыңы Қазақстан бойынша айналымға енгізіледі. Біршамасы Солтүстік Қазақстан облысына жақын арада ғана жеткізіліпті. Ұлттық банктің қызметкерлері бүгін бізге екеуін ұсынды.

 

Ескендір Сүлейменов,”ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚФ маманы:

-Бұл монета күмістен жасалған. Оның салмағы – 24 грамм. Оның сынамы – 925. Сатылу бағасы 5 200 теңге.

 

Номиналы 100 теңгелік монета ұлттық валюта банкноттары мен монеталары дизайнына сәйкес әзірленген. Ол кәдесыйлық қорапшаға салынған, ішінде нөмірлік сапа сертификаты бар. Бүгінде Ұлттық банктің облыстық филиалында 30-дан астам күміс және 40-тан артық алтын ескерткіш монета бар.

 

Данаш Хамзина