Қоғам

Тасқын судан зардап шеккен Атбасар қаласына солтүстікқазақстандықтар гуманитарлық көмек көрсетті

Осыдан бір апта бұрын лезде еріген қар суынан Ақмола облысындағы Атбасар қаласының тұрғындары да зардап шекті. Қызыл су қаладағы 500-ге тарта үйді басып үлгерген. Осы күннің өзінде 44 баспананы қалпына келтіру мүмкін еместігі анықталып отыр. Үй-жайы мен бар дүниесін топан су жалмаған көрші облыс тұрғындарына солтүстікқазақстандықтар да көмек қолын созуда. Отандастарымыздың қайғысынан шет қалмаған жерлестеріміз міне қорап-қорап азық-түлікті жүк көліктеріне артып жатыр.

 

Есенгелді Кәрібаев, СҚО жер қатынастары басқармасының басшысы:

-С.Ескендіровтың шешімі бойынша Атбасарға жол жүргелі отырмыз. 10 тонна ұн, 5 тонна картоп, 25 куб ағаш үйлерді жөндеуге, 1 км-ге тақау сымдар, өзге де электр материалдары бар. Біз ежелден бір-бірімізге көмек көрсететін халықпыз, міне көрші облысқа бізден көмек бұл.

 

Облыс орталығындағы кәсіпкерлер ғана Атбасар қаласына көмек ретінде 14 млн. теңгенің тауарларын жинап берген. Қысқа уақыттың ішінде петропавлдық бизнесмендер балалар мен әйелдерге арналған киім-кешек, арнайы жұмыс формасы, үй жабдығын жүк көліктеріне тиеген. Арасында 20 балалар кереуеті де бар. Қаладағы “Сұлтан” элеватор-диірмен-макарон кешенінің ұжымы да су астында қалған отандастарымызға төл өнімдерін жөнелтуде.

 

Дина Байбосынова, “Сұлтан ЭДМК” АҚ бас директорының көмекшісі:

-Атбасар қаласы тұрғындарының қиын жағдайға түскенін естіген соң, бірден жәрдемдесуге бел будық. Бірнеше сағаттың ішінде ғана 1,5 мың тонна макарон өнімдерін тиеп бердік.

 

Барлығы облыстан Атбасар қаласына 17 жарым млн. теңгенің өнімдерін тиеген 7 КАМАЗ аттанды.

 

Гүлмира Шоқтыбаева, тілші:

-Көп ұзамай солтүстікқазақстандықтардың асарлатып жинаған тауарлары Атбасарға жеткізілмек. Жергілікті атқамінерлер азық-түлік, бірінші тұтыныстағы тауарлар мен киім-кешектің нақты тұрғындарға дейін жетуін өздері қадағалап қайтпақ.

 

Гүлмира Шоқтыбаева