Темір жол вокзалы перронында қуанышты қарбалыс. 25 адамнан құралған топ өңір атынан Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті сессиясына аттанғалы жатыр. Елордаға сапар шегетін делегация өлкеміздегі әр этно-мәдени бірлестік мүшелерінен жасақталған. Ал екі жерлесіміз сессияның президиумына кірген.
21-ші сессияның тақырыбы “Қазақстан- 2050 стратегиясы: бейбітшілік мәдениеті, рухани келісім”. Жерлестеріміз басқосу қаймағы бұзылмаған қоғам тірлігінің бірлігін жарастыра түсетіне сенімді. Өйткені елімізде ғана құрылған қоғамдық институт өзге мемлекеттерге үлгі боларлық игі істерді қолға алған.
Наиль Салимов, СҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі:
– Бейбітшілік пен тұрақтылық. Бұл екі сөз әр қазақстандықтың жадында жүруі керек. Бүгінде облыстық Ассамблеяның жұмысы қоғам айнасы іспеттес, біз мемлекеттің татулыққа үндейтін Ұлттық саясатын жүзеге асырып келеміз.
Сессия Елбасының қатысуымен бас қаладағы Бейбітшілік пен Келісім сарайында өтетін болады.
Жеңіс Ермұқанов