Құқық қорғау органдары

“Сіздің балаңыз – жолаушы” шарасы

 

Арнайы рейд барысында көліктердің балаларға арналған орындықтармен жабдықталуы тексерілді. Алғашқы тоқтатылған көлікте автоорындық жоқ екен. Алайда жүргізушінің баласы 12 жастан асқан болып шықты. Яғни, ұлын алдыңғы жолаушылар орындығына жайғастырған көлік иесі жолда жүру ережесін бұзбаған.

 

Жүргізуші:

-Әр көлікте балаға арналған орындықтың болғаны жөн деп есептеймін. Жол-көлік оқиғасы орын алған жағдайда балаға зақым келмейді.

 

Келесі көлік иесінің де балаға арналған автоорындығы болмай шықты. Заң баршасына ортақ. Сондықтан көлік иесіне оқиға орнында әкімшілік хаттама толтырылды. Енді ол айыппұл төлеп, көп ұзамай авторындықты сатып алатынын айтып отыр.

 

Жүргізуші:

-Балаларға арналған автоорындықты алу керектігін білемін. Тек уақыттың болмай тұрғаны. Әрине барлығына балаларының өміріне қауіп төндірмей, құрылғыны сатып алуға кеңес беремін.

 

Жыл басынан бері облыста балалардың қатысуымен 9 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Нәтижесінде 11 бала түрлі дәрежедегі дене жарақаттарын алыпты. Сондықтан, арнайы орындықтар 12 жасқа дейінгі балалары бар көлік жүргізушілерінің барлығында болуы тиіс. Олай болмаған жағдайда көлік иесі қатаң жазаланбақ.

 

Әбілсейіт Жолаушин, СҚО ІІД ӘПБ аға инспекторы:

-Автоорындығы жоқ көлік иелеріне 5 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Ал дәл осы жәйт қайталанатын болса, 10 АЕК есебінде айып төлеуге міндеттеледі. Балаларыңыздың өміріне қауіп төндірмеу үшін автоорындықты сатып алған дұрыс.

 

Қазіргі таңда балаларға арналған көлік орындықтары баршаға қолжетімді. Әрине, сатып алушы оларды қалтасының қалыңдығына қарай таңдай алады.

 

Юлия Скорых, сатушы:

-Бізде 4 айдан 6 жасқа дейінгі балалар авторындықтары бар. Олардың салмағы 18 келілік. Ал келесі орындықтар 4 жастағы балаларға арналған, 36 келі салмаққа дейін жасақталған. Бағалары 12 мың мен 16 мың теңгенің аралығында. Сондықтан да сатып алушыларға мұнда үлкен таңдау баршылық.

 

Ресми ақпараттарға жүгінер болсақ, арнайы автоорындықпен жабдықталған көлікте отырған баланың өміріне қауіп төнбейтіні дәлелденген. Осы айтылған ақпараттардан қорытынды жасау – әр адамның өз қолында. “Сақтансаң – сақтармын” деген сөз – бекерге айтылмағаны анық. Тек көлік иесі мұны кеш түсінбесе болғаны.

 

Бақыт Сәдуақасов