Идрис Картал Қазақстанға 1993 жылы келіпті. Содан бері балалы-шағалы болып, осы жерде өз кәсібін ашқан. Ол Қазақстанды сан ұлысқа Отан болып отырған құтты мекенге теңейді. Сондықтан татулығымызға сызат түспесе екен деп тілейді.
Идрис Картал, “Түрік мәдениеті” ҚБ төрағасы:
-Қазақстандағы ең басты байлық – халықтар татулығы. Бұл жерде тұратын әр ұлт өзін бақытты сезінеді. Мұның бәрі Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың көрегенді саясатының арқасында мүмкін болып отыр. Ол тілі мен ділі бөлек ұлттарды, осы жерде тамыр жайып, рухани дамуына мүмкіндік беріп отыр. Бұдан әлем саясаткерлері мен халықтары үлгі алу керек.
Бірлігі жоқ ел тозады. Кең ауқымды сессия Қазақстандағы ұлттардың одан сайын бір-бірімен жақындасуында маңызды рөл атқарады. Біз осылайша проблемамызды ортаға салып, сырттан келіп жатқан қауіп-қатерлерге бірлесіп қана төтеп бере аламыз дейді. Идрис Картал жүрген жерінде жастарға бірліктің бағасын, тыныштықтың қадірін ұғындыра жүруді азаматтық парызы санайды.
Идрис Картал, “Түрік мәдениеті” ҚБ төрағасы:
-Біз қазақ елінде тұрғандықтан, заң талаптарына бағынып, өзге ұлттың дәстүрі мен тіліне құрметпен қарауымыз керек және соларды келер ұрпаққа түсіндірген абзал. Біз қазір СҚМУ мен Түркия университетінің арасында тығыз әріптестік қарым-қатынас орнатуға дәнекер болудамыз.
Ол Елордада өтетін Қазақстан халқы ассамблеясының кезекті 21-ші сессиясына өңір делегациясымен алғаш рет бара жатыр.
Қазіргі таңда теріскейде 150-ге жуық түрік ұлты тұрады. Алғашқылары біздің елге 20 жыл бұрын қоныс аударған. Бүгінде біразы өз алдына бөлек жеке кәсіппен айналысып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосып келеді.
Берік Қасен