Қоғам

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 15 мүгедек еңбекпен қамтылды

Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған бұл бос жұмыс орындар жәрмеңкесі Петропавлда осымен екінші рет өткізіліп отыр. Біріншісі ағымдағы жылдың ақпан айында ұйымдастырылған болатын. Осы шараның көмегімен Василий Трусов екі қолға бір күрек тапқан екен. Ол қазір қаламыздағы медициналық колледжде компьютерлік техника операторы болып қызмет істейді.

 

Василий Трусов:

– Ұжымым жақсы. Маған барынша қолдау көрсетіп, көмектеседі. Өйткені бұл салада тәжірибем аз. Бұндай шарадан жұмыс табуға болатынын көбісі біле бермейді.

 

Тұрақты қызметпен қамтылған Василий осы жолғы бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне өзінің досын ерте келіпті. Ол І топтағы мүгедек Қуаныш Некибаев. Қуаныш та Василий сияқты екі қолға бір күрек тапсам дейді. Азамат үш жыл бойы жұмыссыз отырған.

 

Қуаныш Некибаев:

– Бүгін медициналық колледждің жұмыс беруші өкілдерімен сөйлестім. Олар маған көмектесті. Сөйтіп, мен де досым сияқты компьютерлік техника операторы болып қызметке орналасудамын. Өте қуаныштымын.

 

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде облыс орталығының 20-дан астам кәсіпкері солтүстікқазақстандықтарды тұрақты және уақытша қызметпен қамтуға келді. Арасында қаламыздағы медициналық колледж де бар. Олар бұған дейін де бірнеше мүмкіндігі шектеулі жанды еңбекке тартқан.

 

Ғалия Исмалинова, “Медициналық колледж” КММ директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:

– Бұған дейін үш азаматты жұмысқа алдық. Содан тағы екі азамат  еңбекпен қамтылды.

 

Бүгінгі шараны ұйымдастырушылар жұмысқа тұрғысы келетін мүгедектердің қатары аз емес дейді. Жыл басынан 100-ден астам кембағал жан тұрақты табыс көзімен қамтылған.

 

Ольга Букина, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының жұмыспен қамту мәселелері бойынша орынбасары:

– Азаматтардың көбі жеңіл жұмысқа орналассам дейді. Ол күзетші, вахтер. Ал, жоғары білімі барлары экономист, есепші, заңгер болып қызмет етулеріне болады. Бұндай бос орын кез-келген кәсіпкерлерде табылады.

 

Кезекті жәрмеңке шілде айында ұйымдастырылады деп жоспарланып отыр.

 

Бану Ахметова