Балалар

Әскери-патриоттық клубтар жетекшілері марапатталды

 

Петропавлда жуырда әскери-техникалық мектеп ашылған болатын. ҚР ҚК бас штабы бастығының орынбасары Мұхаметжан Таласов оқу орнына әскери бөлімнің туын салтанатты түрде табыс етті.

Бұған дейін әскери патриотизмге тәрбиелейтін орталықтар Алматы, Қарағанды облысы мен Талдықорғанда ашылған екен. Мақсат – әскери патриоттық клубтардың басын біріктіру. Содан соң өскелең ұрпақты әскерге дейінгі дайындыққа үйретіп, жастардың бойындағы ұлттық рух пен отанға деген сүйіспеншілігін арттыру.

Бұдан соң өңірімізде жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеп жатқан бірқатар клуб  жетекшілері ҚР Қорғаныс істері министрлігінің атынан алғыс хатпен және құрмет грамоталарымен марапатталды. Мұндай марапатқа өңірдегі төрт әскери клуб ие болды.

Виктор Сироткин  – “Алғыс” әскери-патриоттық клубының жетекшісі. Жерлесіміз 10 жылдан бері жастардың алғашқы әскери дайындықтарына көңіл бөліп, осы бағытта жұмыс жасап келеді.

 

Виктор Сироткин, “Алғыс” әскери-патриоттық клубының жетекшісі:

– Біздің клубта бүгінгі күні 25 азамат бар. 17 – 21 жас аралығындағы жастарды отанымыздың нағыз патриоттары етіп, әскери дайындыққа үйретеміз. Бүгін еңбегім еленді, осындай марапатқа ие болғаныма қуаныштымын.

 

Тәуелсіз еліміздің ертеңі жастардың қолында. Оларға дұрыс бағыт-бағдар көрсету аға толқынның міндеті. Жиынға қатысқан ҰОС ардагері Александр Селищев бұл жолда еңбек етуге әзірміз дейді.

 

Александр Селищев, ҰОС ардагері:

– Біз ҰОС қатыстық. Сол кездері мектеп партасынан өз отанымыздың патриоттары болуға үйрендік. Және бір нәтижеге қол жеткізу үшін еңбектену қажет. Сондықтан мұндай мектептер еліміздің нағыз паттриоттарын дайындайтынына сенімдімін.

 

Шара соңы әскери концертке ұласты. Петропавлға арнайы келген әскери оркестр отан, туған жер тақырыптарындағы ерекше әуендерді орындады.

 

Бану Ахметова