Білім

Білім саласында шетелдермен ынтымақтастық дамып келеді

Өз ісінің білікті маманын үкілеуде заманауи әрі сапалы білім беру қажет. Бұл СҚ кәсіби-педагогикалық колледжінің ұстанымы. Білім ордасы оқу жүйесіне тың технологиялық үрдістерді ендірген. Сыныптар мен шеберханалар арнайы компьютерлік бағдарлама арқылы басқарылатын электронды оқыту модельдері, макеттерімен жабдықталған. Мәселен мына қондырғыда студенттер жүргізушілік қабілеттерін шыңдайды. Оны меңгермейінше темір тұлпардың рөліне отыруға рұқсат етілмейді. Ойыншық болып көрінгенімен шынайы көлікті басқарудан еш айырмашылығы жоқ. Сондай-ақ тәжірибелерін сырт елдердің оқу мекемелерінде сынау мүмкіндігі жасалған шәкірттерге.

 

Жеңіс Әбілмажін, Солтүстік Қазақстан кәсіби-педогогикалық колледжінің директоры:

– РФ білім мекемелерімен әріптестік орнаттық. Көрші елдің оқу орындарындағы түрлі коммерциялық емес ұйымдарға мүшелік етеміз. Барлығы 46 кәсіби-техникалық колледж. Бір-біріміздің семинарларымызға қатысамыз. Ортақ мәселелерді шешеміз. Ең бастысы студенттердің білімін шыңдау тұрғысында түрлі байқаулар ұйымдастырылады. Мүмкіндігімізше барлығына қатысып білімімізді сынауға тырысамыз.

 

Талпыныстары бекер емес. Әр кәсіби сайыстан білім қуған белсенділер жүлдесіз оралмайды.

 

Максим Яворович, Солтүстік Қазақстан кәсіби-педагогикалық колледжінің оқытушысы:

– Жыл сайын Ресейде халықаралық «Майские звезды» байқауы өтеді. Автоспорттық көпсайысқа мен биыл өндірістік оқыту шебері ретінде қатыстым. Студенттерім түрлі кезеңдерде білімдерін дәлелдеуге тырысты. Бірнеше сынның біреуінде топ жардық. Сайыскерлер өте мықты. Барлығы 50-ге тарта адам қатысты.

 

Оқытушылар қауымы да біліктіліктерін арттырып тұрады. Тәлім берушілер Германия , Оңтүстік Корея, АҚШ, Ресей, Түркия елдерінде шеберліктерін шыңдайды екен. Бүгінде 1300 студентке 80 оқытушы 13 мамандық бойынша сабақ береді.

 

Жеңіс Ермұқанов