Қоғам

Биыл 3 мыңнан астам петропавлдық бір жолғы жәрдемақы алады

 

 

Биылдан бір жолғы төлемдердің жаңа әлеуметтік қолдау түрлері енгізілді. Ол мереке күндері мен атаулы күндерге  орай берілетін болады. Бастаманың игілігін қала бойынша әлеуметтің әлжуаз тобының бірқатары татып көріпті. Көп балалы аналар мен ауған соғысы ардагерлерінің есеп шотына 15 млн теңге аударылды.

 

Ольга Букина, Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімі басшысының орынбасары:

– Чернобыль АЭС апат зардаптарын жоюға атсалысқандарға да қаржылай демеу жасалады. 26 сәуір қайғылы оқиғаны еске алу күніне орай әрбіріне 15 АЕК мөлшерінде бір жылғы төлем жасалады. Бұл шамамен 28 мың теңгеге жуық.

 

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні әскерилер мен қызмет бабында жараланғандары бір жолғы төлемді иеленеді. Әлеуметтік қолдау бейбіт өмірде қаза тапқандардың отбасына да беріледі. Жаңашылдық саяси қуғын-сүргін құрбандарына да тікелей қатысты. ҰОС ардагерлері де ұмыт қалған жоқ.

 

Ольга Букина, Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру бөлімі басшысының орынбасары:

– ҰОС қатысушыларына 9 мамыр Жеңіс күніне орай 92 600 теңгенің бір жолғы жәрдемақысы беріледі. Сондай-ақ майданда қаза болған ардагерлердің жесірлері 5 АЕК мөлшерінде ақша алады. Бұл мақсатқа 27 млн. теңгеден артық қаржы бөлінді.

 

Жалпы биыл  жаңа әлеуметтік қолдау 3 мыңнан артық петропавлдыққа көрсетілмек. Игі шаруаға қазынадан 65 млн теңге қарастырылыпты.

 

Жеңіс Ермұқанов