Білім

Оқушылар Қызмет көрсету саласы колледжімен танысты

 

Петропавл қаласының қызмет көрсету саласы колледжінің педагогтары студенттерді 5 мамандық бойынша даярлайды. Мұнда теориялық білімге емес, тәжірибеге көп көңіл бөлінеді екен. Бұған бүгінгі форумға келген қала мектептерінің 9-сынып оқушылары көз жеткізді. Ең алдымен олар көрмені тамашалады. Мұнда оқу ордасының терең тарихынан сыр шертер фотосуреттер қойылған.

 

Алтынай Қожахметова, Петропавл қаласының қызмет көрсету саласы колледжінің директоры:

– Біздің колледж 1930 жылдан жұмыс істеп келеді. Бұл уақыт аралығында 20 мыңнан астам студент білім алып шықты.

 

Бұдан соң мектеп оқушылары арнайы оқу кабинеттерін аралады. Олар студенттер  өз қолдарымен жасаған тәтті-тоқаштардың үлгілерін тамашалады. Оқу орнында бүгінде 434 студент білім алады. Сондай-ақ, болашақ аспаздар қонақтарға тамақ пісіруге арналған зертханада “Киев котлетін” әзірлеу әдісін көрсетті.

 

Владимир Черненко, студент:

-Мені тамақ пісірген қатты қызықтырады. Көбінесі, еттен ас әзірлегенді ұнатамын. Алдағы уақытта мейрамханалардың бірінде жұмыс істесем деген ойдамын.

 

Келесі оқу кабинетінде студенттер тігу өндірісі және киімді модельдеу мамандығына оқиды. Гүлжан Жолдыбаева аталған кәсіпті меңгеруге биылдан бастап кіріскен. Ол киімнің жағасын, қалта, тағы да басқа ұсақ-түйектерді тігуге машықтанып келеді.

 

Гүлжан Жолдыбаева, студент:

– Менің анам мен әжем тігінші болған. Сондықтан, мен де осы мамандықты игерсем деймін.

 

Биыл аталған оқу ордасын 190 түлек тәмамдамақ. Бүгінгі форумның өту барысы мектеп оқушыларының көңілінен шықты.

 

– Мектепті бітіргеннен кейін аспазшы болсам деймін. Кейін  өз мейрамханамды ашсам деген арманым да бар. Өйткені, тамақ әзірлеу өте ұнайды.

– Бүгінгі форум маған өте ұнады. Біз әр кабинеттерді араладық. Оқу ордасының тарихымен таныстық. Алған әсерім ерекше.

 

Форумға барлығы 30 оқушы қатысты. Шара соңы флеш-мобпен аяқталды.

 

Бану Ахметова