Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өткен жылы қалалық әкімдіктің 9 қызметкері тәртіптік жауапкершілікке тартылған

Жиында алдымен ҚР АШМ АӨКК облыстық аумақтық инспекциясында жемқорлықтың алдын алудағы қолға алынған шаралар жайы баяндалды. Былтыр көз қысты, бармақ бастылықтың бір де бір фактісі тіркелмепті. Жең ұшынан жалғасатын әлеуметтік зұлымдықтың тамырына балта шабуда инспекция қызметкерлері өзгелерге үлгі боларлықтай.

 

Владимир Отрадных, СҚО АӨК аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары:

– Бізде тоқсан сайын тексеріс жүргізіледі. Сенім телефоны бар. Азаматтардың шағымын жинайтын жәшік орнаттық. Былтыр оған 2 мыңға тарта өтініш түсті. Бірін қалдырмай қарап шықтық. Әрбіріне жауап қайтардық. Инспекция басшысының қоғамдық қабылдауына 288 адам жүгінді. Арқалап келген мәселелері аяқсыз қалмады.

 

Инспекцияда, әсіресе, жас мамандардың біліктілігін арттыру бойынша қыруар іс тындырылады. Өткен жылы 61 адам біліктілігін арттырыпты. Биыл тағы 30 қызметкер республикалық орталықта білгеніне білім қосып қайтады.

 

Cамат Ескендіров, СҚО әкімі:

Алдымызда егістік науқаны тұр. Қауырт маусымда түрлі сұрақтар туындауы мүмкін. Маңызды іске тұсау болмас үшін бар мәселелерді жылдам әрі сапалы шешуге тырысқан жөн. Бұл – облыс әлеуетін арттыру қамы. Осы уақытты тек өзінің қалтасын толтыру үшін пайдаланатындардың жолын кесу керек.

 

Облыс орталығының басшысы Төлеген Закарияновтың мәлімдеуінше, қалалық әкімдікте де заман ағымына сай виртуалдық қабылдау, электрондық тіркеу әдістері қолданылады. Десе де былтыр ондағы бірнеше мемлекеттік қызметші жұмысынан қуылып, бірқатарына қатаң сөгіс жарияланған. Тәртіптік кеңеске тартылған 9 лауазымды тұлғаның барлығы дерлік қызмет бабын асыра пайдаланғандар.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

– 2013 жылдың 21 желтоқсанында бөлім жетекшісі Баймұхамбетовтің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Ол тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасы бойынша жемқорлыққа бой алдырды деп айыпталуда. Орындалмаған жұмысқа аяқталғаны жөнінде қол қойып жіберген. Бүгінде тергеу шаралары жүріп жатыр.

 

Жалпы өткен жылы қалалық әкімдікке 37 мыңнан астам өтініш түскен. Оның 12 мыңнан артығы жер қатынастары бөлімінің жұмысына қатысты. Сондай-ақ, тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы мен білім бөлімдеріне өкпелілер көптеп кездеседі екен. Самат Ескендіров бұл олқылықты болдырмаудың амалдарын қарастыруды тапсырды.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

Тұрғын үй комиссиясына шағымданатындар жетіп артылады. Адамдар бір таусылмайтын кезекте тұрамыз дейді. Ұзын-сонар лек бітті дегенде құжат дұрыс болмай шығады. Оны өңдегеннен кейін келесі қателіктер табыла береді. Құжаттар жоғалған жайттарды да естідім. Қашан тәртіп орнатылады?

 

Осы орайда Төлеген Закариянов кезек жағын бір тәртіпке келтіру үшін қосымша кабинеттер ашылғанын жеткізді. Олар бір терезе жүйесі бойынша жұмыс істейді. Сондай-ақ, алдағы уақытта қалалық әкімдікте электронды өтініш қабылдау жүйесі енгізілетін болады.

 

Төлеген Закариянов, Петропавл қаласының әкімі:

– Шағымдардың көбі шындыққа жанаспай жатады. Мәселен, жас отбасы бағдарламасының шарапатын көруге ниетті 209 азаматтың талапқа мүлдем сәйкес келмейтіндіктері анықталды. Олар болса кезекке алынбай қабылданбай жатырмыз деп үстімізден арыз жазған. Ондай жайттар жиі кездеседі. Көбісі құқықтық сауаттылықтың төмендігімен байланысты.

 

Өңір жетекшісі жемқорлыққа жол бермеудің қамында енді бір ұсыныс жасады. Түсініспеушілік туындамас үшін қабылдау кабинеттерін видеобақылау құралдарымен жабдықтау керек. Бейнетүсірілім электронды форматта үздіксіз жасалуы тиіс. Төлеген Закариянов алдағы айдың соңына дейін аталмыш жаңашылдық іске асырылады деп сендірді.

 

Жеңіс Ермұқанов