Мәдениет

Петропавлда “Дежа вю” атты ерекше көрме ашылды

Олег Мартынюктің бұл үшінші жеке көрмесі. 60 жылдық мерейтойына арнаған бүгінгі шараға автор 30-дан астам туындысын жайған. Денінің әлі сиясы кебе қоймаған. Салған суреттері философиялық тақырыпта. Әрбір туындысына қарап отырып, көп ойға батасың. Әрине, әр адам өзінің талғам-түсінігіне байланысты, туындылардың сырын ұғынуға тырысады.

 

Елена Трусова:

-Көрмеге қойылған суреттер маған өте ұнады. Туындылар ерекше қағаз бетіне бейнеленген. Көріп тұрып, терең ойланасың. Бірақ, одан алатын әсерді де сөзбен айтып жеткізу қиын.

 

“Дежа вю” атты көрмеге мерейтой иесінің туған- туыстары, жора-жолдастары мен әріптестері келді. Солардың ішінде Александр Кисленко да бар. Ол Олег Мартынюкпен 40 жылдан бері дос екен.

 

Александр Кисленко:

– Біз Олег Ивановичпен Петропавлдағы педагогикалық институтта бірге оқығанбыз. Кейін   қызметтес те болдық. Суретті ол студент кезінен салатын. Жан-жақты азамат десем артық айтпаспын. Салған суреттері де ерекше. Маған ұнады.

 

Көрмеге жайылған суреттердегі көріністерді автор өмірге өзгеше көзқарасын бейнелеген. Бұл жұмыстарды 10 жылдық істің нәтижесі дейді ол.

 

Олег Мартынюк,суретші:

– Көрмені “Дежа вю” деп атаған себебімнің сыры бар. Әр адамның болашағы айқын болғаны жақсы. Өйткені, біз жасаған дүниелердің барлығы болашаққа деген талпыныстан туған. Яғни, жоспарлаған істі қалай атқарсаң, жемісін де солай көресің.

 

Бүгінгі көрмеге автордың салған суреттерімен қатар қолдан жасаған мүсіндері де қойылды.

 

Бану Ахметова