Аптадағы маңызды жаңалықтар

Көктемгі су тасқыны басталды

 

Мағжан Ахмадина, тілші:

-Мына үйлер аралда қалған сыңайлы. Кірсең шыға алмайсың, шықсаң кіре алмайсың. Айнала қоршаған су. Тіпті көмекке келген ауыр техниканың өзі батып қалып жатыр.

 

Алғашында тұрғындар еріген қар суымен өздері арпалысыпты. Бұл әрекеттерінен нәтиже шықпаған соң, құтқарушыларды шақырған. Бірақ екі күннен бері төбе көрсетпеген олар бүгін ғана жағдай ушыққанда келіп отыр. Қазір су үй ішіне кірген. Копченовалар отбасы түні бойы баспаналарынан 50 шелек су шығарыпты.

 

Анна Копченова,К.Сүтішев көшесіндегі 22-ші үй тұрғыны, Қызылжар ауданы, Бескөл ауылы:

– Біз бұл үйді әпкеміз екеуіміз жалдап тұрып жатырмыз. Әрине осындай боларын білсек, кірмес едік қой. 3 бала бар, кішкентайы 10 айлық. Қазір баспана ішінде етікпен жүруге ғана болады. Өйткені суық. Барлығы ауырып жатыр.

 

Белуардан келетін су жолды да шайып жіберген. Резеңке етік болмаса, қарыс қадам жасау мүмкін емес.

 

Алмас Әбілқайыров,Қызылжар аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы:

-Бүгін жағдайды реттеуді көздеп отырмыз. Ол үшін арнайы техника жұмылдырылған. 10 шақты қызметкер апатты ауыздықтауға ат салысуда. Қазір жыра ойып, суды әрі қарай ағызып жібермекпіз. Аудан жаңадан салынып жатыр. Сондықтан инфрақұрылымы әрі мардымсыз. Жолдар салынбаған, суағарлар жоқ. Сол себепті осындай жағдай орын алып отыр.

 

Қазір арнайы техника көшедегі суды сорып, баспаналар маңына инерттік материалдар шашылуда.

 

Мағжан Ахмадина