Билік

Облыс әкімі Самат Ескендіров Мамлют қазақ орта мектебінде болды

 

Республикалық бюджеттің 1 млрд. 400 млн. теңге қаржысына салынған Мамлют қазақ орта мектебі 2009 жылдың бірінші қыркүйегінде ашылды. Облыс әкімі Самат Ескендіров оқу орнын аралап, оның техникалық және материалдық жабдықталуымен танысты. Ғимараттың төменгі қабатында кітапхана мен 26 орынға арналған оқу залы бар. Онда отырып интернетке қосылуға болады.

 

Дина Бүйрекбаева, Мамлют қазақ мектеп-интернатының меңгерушісі:

-Балаларымыз аудандық және облыстық пән олимпиадаларына қатысады. Өнерлі балаларымыз толып жатқан үйірмелерге қатысады. Сонымен қатар, мектепте спортпен айналысамын деген балаларға көп жағдайлар жасалған.

 

Білім ұясы 400 оқу және 200 жатын орынға шақталып салынған. Мұнда оқу кабинеттерінен басқа 2 бірдей бассейн бар. Екінші қабатында спорт кешені орналасқан. Ол да соңғы талаптарға сай жабдықталыпты. Оқушылар қалауы бойынша тренажерлық, 2 спорттық және күреске арналған залдарда жаттыға алады.

 

Темірхан Мақпозов, Мамлют қазақ мектеп-гимназиясының оқушысы:

-Бұл мектеп маған жақсы білім береді. Сабағымды “5”-ке оқимын. Жарыстарда ылғи бірінші орын аламын.

 

Мектепте оқушыларға 30 мұғалім сабақ береді. Көктемнің берекелі мейрамына арнап оқытушылар мен шәкірттер қауымы мерекелік бағдарлама әзірлеген екен. Қонақтар ұлттық киімдерді тамашалап, Қыдыр атаның батасын тыңдады.

Самат Ескендіров мектеп оқушыларын Наурыз мейрамымен құттықтады.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Қазақстан – көпұлтты халық. Тек қазақ халқының ғана емес, жалпы баршасының салт-дәстүрін көрсетіп жатыр екенсіздер. Осындай тамаша мерекелік бағдарлама әзірлегендеріңізге ризашылығымды білдіремін. Наурыз мерекесі құтты болсын. Құт-берекесін ала келсін.

 

Мұнда сондай-ақ, облыс әкіміне қолөнер бұйымдарының көрмесі көрсетілді.

 

Данаш Хамзина