Қоғам

Наурыз мейрамы – салт-дәстүрлер салтанаты

 

Данаш Хамзина, тілші:

– Наурыз мерекесі теріскейдің төрінде де ауқымды түрде аталып өтуде. Бүгін басталған той-думан әлі 3 күн жалғасады. Мерекелік шараларға арналып бөлінген М.Жұмабаев көшесі халыққа лық толы. Ең бастысы, тұрғындардың көңіл күйі көтеріңкі. Барша солтүстікқазақстандықтар ұлтына, тіліне, дініне, діліне қарамастан Ұлыстың ұлы күнін бірге тойлап, бір-біріне береке-бірлік, ынтымақ тілеуде.

 

Бұл – мызғымас достықтың айқын көрінісі. Ертеде қазақ халқы, жалпы, түркі тілдес бауырлар қыстан аман-есен шығып, бойға қан, жанға жылу ұялататын Ұлыстың ұлы күнін осылай дүбірлетіп тойласа керек. Жылдың бастауы болғаннан кейін әз Наурызға қазақ ерекше мән беріп, құт-береке әкелетін мейрамды қарсы алуға ерте қамданған.

 

Нәзира Шойбекова, Қазақ ұлттық мәдени орталығының мүшесі, Аққайың ауданы:

-Ұлыстың Ұлы күні Самарқандтың көк тасы еріпті дейді. Күн жылынып, жеріміз жұмсарып, жаңа күн басталады. Бұл күнде ежелден келе жатқан дәстүріміз болған соң жұрттар бір-бірімен ренжіскен болса, осы күні бір-бірінің үйіне барып, бір-бірімен құшақ жая амандасып, дәм татып, осы күнмен құттықтайды.

 

Той-думанның ортасында ауданнан келген ағайын да жүр. Олар қатарынан ақ шаңқан киіз үй тігіп, құтты қонақтарын қабылдауда. Қонақжай аққайыңдықтар 12 қанатты шаңырақ көтеріп, зейнеткерлер қауымын ықыластарымен қуантуда.

Наурызды лайықты қарсы алу үшін аққайыңдықтар ерте қамданыпты.

 

Сейітжан Тастеміров, Қазақ ұлттық мәдени орталығының мүшесі, Аққайың ауданы:

-Қазақ ұлттық мәдени орталығынанбыз. Өзіміздің дәстүрімізді алып келдік. Ол – баланы қырқынан шығару. Соған 1 ай бойы дайындалдық.

 

Есіл ауданының киіз үйі 8 қанатты екен. Отаулары шағын болғанмен, маңы мәр-сәре. “Көңіл сыйса, бәрі де сыяды” демекші, мұнда қазақпен бірге бірнеше ұлт өкілі бірігіп, ән салуда. Елімізде 130-дан астам ұлт тұрады. Ең бастысы, халқымыз тату болса дейміз. Ендеше, әннің қай тілде айтылып жатқандығы маңызды емес, бастысы – олардың көңілі. Сол бір ауызбіршілікті Есіл ауданынан келген мына бір ұжымнан көруге болады.

Ұзын әрі кең М.Жұмабаев көшесін бойлаған той-думанның ортасынан Наурыз көженің бабын білетін нағыз аспаздарды да кездестірдік. Олар өз арасында көже қайнатудан сайысып, мықтысын да анықтап үлгеріпті. Жеңімпаз – әл-Фараби мектеп-лицейінің ұжымы. Мектеп директоры Күлімкөз Смайылова қасиетті көже жыл бойына күш-қуат береді дейді.

 

Күлімкөз Смайылова, Әл-Фараби мектеп-лицейінің директоры:

-Бір табақ етті салып, соның сорпасына айран, құрт қосып, сүр етті кішкентай қылып турап салып, майын қосып, ішіне тағы да күріш пісіріп, тары пісіріп, соңынан міндетті түрде мейіз саламын. Сол мейіздің барлығын қосқанда, тұзын салған жақсы сорпадан керемет дәмді Наурыз көше шығады.

 

Ал, сәл әрі қарай жүріп керемет қолөнершілерді кездестірдік. Керектінің бәрін осы жерден сатып алуға болады екен. Роза Рзаева тойға арналған түрлі дорба, қалталарын өзі жасайды. Бір күннің ішінде үшеуін тігемін дейді.

 

Роза Рысаева, қолөнер шебері, Петропавл қаласы:

– Зейнетке шыққан кейінгі өнерім – осылар. Бәрін әкеліп, өзімнің өнерімді көрсетейін деп, қазақтың салт-дәстүрі ғой енді. Бағасы қымбат емес. Түйелерді 3 мыңнан, киіз үйлерді 2 мыңнан сатамын. Бәрін өзім жалғыз жасаймын.

 

Новокаменка селосының тұрғыны орыс жігіті Александр Белодед қазақтың қолөнеріне жақын. Мерекеге астаудың неше түрлісін әзірлеп әкелген. Ағаш ыдыстарды тұрғындар қызықтап, бағаларын сұрастырып жатыр.

 

Александр Белодед, ағаш шебері, Қызылжар ауданы:

-Қолөнермен айлысқаныма 7 жылдан асты. Еңбектеніп өз қолыммен жасаған дүниелерімді арзан деп айта алмаймын. 3 астаудан тұратын жинақ 60 мың теңге тұрады. Ыдыстарды жөке, қайыңнан жасаймын. Жөке жұмсақ болғанымен, ұзақ кебеді.

 

Айыр қалпақты қырғыз бауырымыз да осында. Азизбек Сағымбаев солтүстікқазақстандықтарға шапан, көрпе, әшекей бұйымдар мен шәлісін ала келіпті. Бала кезден араласып жүрген Роза Шәкенова мен Ману Макенова Наурызды көпшілікпен қарсы алуға бірге шыққан. Екі әжей құдағиларына арнап шәлі алды.

 

Ману Мәкенова:

-Біз Наурыз тойына келіп, көрейік деп әдейі шықтық үйден. Халықтың көңілі бәрі жақсы. Мінекей, мынадай сыйлық алып жатырмыз. Құдағиыма сыйлыққа алдым.

Роза Шәкенова:

-Наурыз құтты болсын. Аман болайық. Жылымыз жақсы бітетін болсын.

 

Мерекеге орай Петропавл кәсіпкерлері де тұрғындарға өз тауарларын ұсынды. Үстелдерде толып тұрған тоқаш, бал, тәтті тағам көзді қызықтырады. “Фрегат” серіктестігі ет өнімдерін өз бағасымен саудалауда. Сатушылардың айтуынша, келушілер мерекелік дастарханға арнап көбінесе жылқы етін алады екен.

Көжеден ауыз тиіп, алтыбақан тепкен жұрт білекті жігіттердің күресін тамашалады. Шал ақын ауданы Жаңажол ауылының палуаны Құдайберген Жұмашев 70 келі салмақтағы қарсыласын жеңіп, бір қойды олжалады.

Ал, күресте жеңе алмаған Қуаныш Құсайынов жілік шағуда жүлде ұтты.

 

Қуаныш Құсайынов:

-Жілікті екінші попыткадан жардым. Қиын болған жоқ. Кішкене күш салып, шамалы дағды ұстап жілікті жарып тастадым.

Бұл күні өнер ұжымдары да ән-билерімен көктем мерекесін көріктендіре түсті.

Елдегі бейбітшілікті айрықша бағалайтын қазақстандықтар Ұлыстың ұлы күнінде де бір-біріне тек жақсылық тіледі.

 

Данаш Хамзина