Шығыс күнтізбесі бойынша 22 наурыз жыл басы саналады. Дәл осы уақыт күн мен түннің теңеліп, табиғат жаңарып оянатын сәт. Ырысқа толы күнді тағатсыздана күткен мамлюттіктер бір адамдай орталық алаңға ағылып думанды мейрамды дүркіретіп тойлады. Ұлыстың Ұлы күнін ұлықтау шарасына облыс әкімі Самат Ескендіров те қатысты. Бірлігі жарасқан аудан тұрғындары мерекеге ортақтасқан аймақ басшысын ұлттық дәстүрге сай қарсы алып, қонақжайлықтарын барынша таныта білді.
Бұл 5 мың жылдан астам тарихы бар әз-Наурыздың дәстүрі бүгінде маңыздылығын жоймай, бәз-баяғы қалпында сақталған. Ортақ мерекеден шет қалмаған этно-мәдени орталықтар да шетінен қазақи дәстүрді дәріптеп жатты. Әрбірі ұлттық нақышта безендірген киіз үйлерін кеңінен қанат жайдырған. Самауыр қайнап, ошақ басында тіл үйірер тағамдар әзірленуде. Бәрін айт та, бірін айт араларынан татар бәліші алыстан көзге түсіп ерекшеленді. Мерекеге арнайы әзірленген бұл тағамның ұзындығы екі метрден асып жығылады.
Хадия Бикина, “Дослық” татар-башқұрт мәдениеті орталығының мүшесі, Мамлют ауданы:
-Тәтті бәлішті 5 адам дайындады. 6 келі ұн, 5 кг. кептірілген жемістер, 2 келі тосап қосылды. 1 келі қант, екі литр май мен 20 дана жұмыртқа жұмсадық.
Осылайша өңір жетекшісі тігілген әрбір шаңырақты аралап, дастарханға жайылған тағамнан дәм татты. Ашық аспан астында құрылған сахнада Қазақтың ұлттық дәстүрінен театрландырылған көрініс қойылды. Жиналған қауымға әуезді де әуенді бағдарлама ұсынылды.
Қайырымдылыққа үндейтін қасиетті мерекеде сауық құруға еңбектеген сәбиден еңкейген қарияға дейін шықты. Әрбірі талғамына сай көңіл көтерді. Бойжеткендер алтыбақан тепсе, бозбалалар бағанаға тігілген жүлде үшін биікке өрмеледі. Білек күші мен ептілікті талап ететін өзге де сындарға түсті.
Достық пен ауызбіршілікке шақыратын думанды күні көрші-қолаң, ағайын-туыс, дос-жаран төс қағыстырып, тек ізгі тілектер жолдады.
Бүгінде БҰҰ шешімімен Наурыз халықаралық мейрам дәрежесін алды. Сондай-ақ Ұлыстың Ұлы күні ЮНЕСКО-ның ұсынысымен адамзаттың рухани құндылығы деп танылған екен.
Жеңіс Ермұқанов