Қоғам

Мемлекеттік қызметшілер біліктілік арттыруда

 

Алтынай Әлмұқанова – Ғ.Мүсірепов ауданы, Андреев ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы. Ол бұл қызметіне биыл қаңтар айында ғана кіріскен. Оған дейін халықты әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінде істепті. Сондықтан мемлекеттік қызметші ретінде бұл оның алғашқы курсы.

 

Алтынай Әлмұқанова, Андреев ауылдық округі әкімі аппаратының жетекші маманы, Ғ.Мүсірепов ауданы:

-Курста барлық заңдағы өзгерістермен танысып жатырмыз. Мұның бәрі ертең жұмысымызда қателерді аз жіберуге өз септігін тигізеді.

 

Өткен жылы мемлекеттік қызметке жаңадан келгендер үшін жаңашылдық енгізілген. Енді олар жұмысқа тұрғаннан кейін 3 ай емес, жарты жылдан кейін де қайта даярлау курсынан өте алады. Және 1 жылдың ішінде осы орталықтан біліктілігін арттыру куәлігін де алуға үлгереді дейді мамандар.

 

Айгүл Жамантаева, СҚО әкімдігінің мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру кабинетінің меңгерушісі:

-Қызметкерлер мемлекеттік басқару негізімен танысады. Оның ішінде нормативтік-құқықтық базасы, жергілікті мемлекеттік басқару заңы, оның ішінде тілдер туралы заңмен танысады.

 

Қазақ тілінде өтіп жатқан бұл курс тек қана мемлекеттік қызметке алғаш рет қабылданған 40 маман үшін. Олар 3 аптаның ішінде 130 сағаттан тұратын мемлекеттік басқару негіздері, тіл табысу, құқықтық негіздерді қамтыған 10 модуль бойынша қайта даярлау курсынан өткеннен кейін арнайы куәлікке қол жеткізеді. Жалпы өткен жылы мемлекеттік қызметкерлерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру орталығында 2000-ға жуық солтүстікқазақстандық білім көкжиегін кеңейткен.

 

Берік Қасен