Ауыл шаруашылығы

Ауыл кәсіпкерлері былтыр 4 млрд теңгеден астам несие алған

 

Осы күні өңірдің агроқұрылымдары көктемгі дала жұмыстарына қызу дайындық үстінде. Тимирязев ауданындағы “Жарқынкөл” ЖШС-гі маңызды науқанға сақадай сай. Техникасын әзірлеп, қажетті тұқым қорын әу бастан дайындап қойған. Енді қалғаны – алдағы жұмыстарға қажетті жанар-жағар май мен гербицид сатып алу ғана. Көктемгі жұмыстарға қажет қаржыны алу үшін шаруашылық басшысы несиелік серіктестік арқылы “Аграрлық несие корпорациясының” қызметіне жүгініпті.

 

Серікпай Байгужинов, “Жарқынкөл” ЖШС директоры, Тимирязев ауданы:

-Міне 10-15 күн болды, рәсімдеп жатырмыз. Банктерге қарағанда тиімді. Бірінші рет алғалы отырмын.

 

Серіктестіктің 5 мың га тарта жері бар. Оның 3 мыңына бидай сіңірсе, қалғаны өзге дәнді тұқымдастар мен зығыр, рапске қарастырылыпты. 5 пайызға берілген 30 млн. теңгені биылғы өнімді жинаған соң, желтоқсан айына дейін қайтаруы тиіс. Бұл серіктестік басшысына өте тиімді, көңілінен шығып жатса, алда осы бағдарламаға тағы жүгінбек ойы бар. Көктемгі және күзгі дала жұмыстарын қаржыландырудан бөлек, аграрлық несиелік корпорация шаруаларды “Сыбаға” бағдарламасы аясында қаржыландырып келеді. Өткен жылы аталған мемлекеттік бағдарлама аясында етті бағыттағы мал сатып алу үшін 225 млн теңгенің несиесі рәсімделген.

 

Дмитрий Шледевец, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ СҚФ бас маманы:

-Өткен жылы “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 26 шаруашылыққа қаржы берілді. 225 млн теңгеге несие алушылар 994 бас сиыр мен герефорд, қазақтың ақ басынан асыл тұқымды 66 бұқа сатып алды. Аталған қарыз 6 пайыздық ставкамен 7 жылға берілді.

 

Үстіміздегі жылы аталған бағдарламаның барлық талаптары сақталғанымен, пайыздық ставкасы 7 пайыз деңгейінде белгіленіпті. Бұдан бөлек, корпорацияда ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеушілер мен тамақ өндірушілер 12 пайыздық ставкамен 10 жылға несие рәсімдей алады.

 

Дмитрий Шледевец, “Аграрлық несие корпорациясы” АҚ СҚФ бас маманы:

-Корпорация ұсынатын тағы бір несиелендіру түрі – ауылшаруашылығы саласынан өзге кәсіпкерлік түрлерін қаржыландыру. Ол несие 14 пайыздық ставкамен беріледі. Негізінен қаражат туризмді дамыту, қонақ үй бизнесі, техникалық қызмет көрсету станцияларын ұйымдастыру, дәмхана, балық шаруашылығы, жеңіл өнеркәсіп, халыққа қызмет көрсету салаларына қарастырылған. Басымдық ауылдық аумақтарды дамытуға беріледі. Сондықтан, Мамлют, Булаев, Тайынша мен Сергеев қалаларында бұл бағдарлама қарастырылмаған.

 

Бүгіндері “Сыбаға” бағдарламасы бойынша 5-6 өтініш қаралып жатыр. Биыл агроқұрылымдарға шамамен 600 бас сиыр сатып алуға қажет қаржы бөлу жоспарланған. Ал көктемгі дала жұмыстарына 1 млрд теңге жұмсау көзделіпті.

 

Гүлмира Шоқтыбаева