Спорт

Олимпиадашы Роман Креч жас конькишілермен кездесті

 

Сочиде өткен XXII қысқы олимпиада ойындарында жерлесіміз Роман Креч алтын медальді олжаламаса да, жетінші орынға жайғасып, еліміздің атын асқақтатты. Ол бүгін жергілікті стадионда жас конькишілермен кездесті.

 

Роман Креч, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

– Сендер сияқты кішкентай кезімде мұз айдынында көп жаттығулар өткіздім. Қарап тұрсам 10 жылдай уақыт болыпты. Алдарыңа мақсат қойып, соған жетуге ұмтылыңдар. Спорт мінезді шыңдайды. Болашақта олимпиадаға қатысып, ел намысын қорғайтын боласыңдар.

 

Конькиші кездесуде Қазбек Байболов атындағы балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілеріне шеберлік сыныбын көрсетіп, балғындардың көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап қайырды.

 

Роман Креч, халықаралық дәрежедегі спорт шебері:

-Мамыр айына дейін осында боламын. Алда әлі жоспарларым көп. Спортты әрі қарай жалғастырамын. Мақсатым – Корея елінде өтетін жарыстарға дайындалып, күш жинау. Ал келесі маусымда Астанада өтетін әлем чемпионатына қатысамын.

 

Жас конькишілер Романның биіктерді бағындыру үшін тынбай еңбектеніп дайындалғанын жақсы түсінеді. Олар олимпиада ойындарын теледидардан үзбей қарап, жерлесімізге жанкүйер болған екен. Бүгін балалар Романның қолынан естелікке қолтаңба алды.

 

Маргарита Югатова:

-Мен коньки спортымен 5 жыл қатарынан айналысып келемін. Облыстық және қалалық жарыстарда жүлделі орындарға қол жеткіздім. Болашақта Роман сияқты көпке танымал конькиші болу арманым. Ол жолда талай еңбектенемін.

 

Анастасия Монастырская:

-Біз Роман Креч секілді биіктерге ұмтылуымыз қажет. Бастысы бойды тік ұстап, тек қана алға ұмтылу. Мен оның қолтаңбасын өмір бойы сақтаймын. Болашағымды спортпен байланыстырғым келеді.

 

Қазір жерлес конькиші демалыста. Кейін алдағы жарыстарға дайындықты бастамақ. Роман Креч спортқа бет бұрған жас балалардың қатары қалыңдап келе жатқандығына қуанышты. Өйткені кім біледі, дәл осы балғындардың бірі болашақта олимпиада чемпионы атанар.

 

Бақыт Сәдуақасов