Өнеркәсіп

“Солтүстік машина жасау зауыты” ЖШС отандық кәсіпорындардың тапсырыстарын орындауда

 

Мына цехта жұмыс қызу жүріп жатыр. Ольга Балоктың “Солтүстік машина жасау зауыты” ЖШС-дегі еңбек өтілі 30 жыл. Нәзік жанды мұнда оператор болып жұмыс істейді. Қажетті темірді бір қалыпқа құю үшін  бар шаруа осы цехтан бастау алады. Яғни, Ольга Балок мұнда полистирол материалымен жұмыс істейді. 2011 жылы мұнда газдалған шойын құю кешені алыныпты. Оған 15 млн теңге жұмсалған. Осы станогтың арқасында жұмысымыз біраз жеңілдеді дейді зауыттағылар.

 

Ольга Балок, “Солтүстік машина жасау зауыты” ЖШС операторы:

– Мына станок автоматтандырылған. Сондықтан онымен жұмыс істеу бұрынғыдай қиынға соқпайды. Осы станокқа біз полистирол ұнтағын салып отырамыз. Одан әр түрлі қалыптар жасалып шығады.

 

Зауыттың шығарған өнімін отандық кәсіпорындар пайдаланады. Полистиролдан бір қалыпты құю үшін шамамен 5 минут қажет. Яғни, мұндағы бір жұмысшы мұндай заттың 240-ын істейді. Қалыптар кейіннен арнайы бояумен боялып, желімделеді. Содан соң бір тәулік бойына кептіріледі. Дайын болған заттар келесі цехқа жеткізіледі. Мұнда 800-900 градустық пеште балқытылған темір осы қалыпқа құйылады. Қазіргі уақытта серіктестік 12 млн теңгенің өнімін дайындап жатыр.

 

Александр Бухонин, “Солтүстік машина жасау зауыты” ЖШС директоры:

– Биылғы жарты жылға тапсырыс алдық. 700 мың теңгенің өнімін Екібастұз вагон жасау зауытына дайындаймыз. Және өзіміздің жергілікті жылу- энергия орталығы, құс фабрикасы мен «СУ-808» кәсіпорындарынан да тапсырыс алдық.

 

Мұндағы қызметкерлер екі ауысыммен жұмыс істейді. Барлығы 80 адам қызмет етеді. Олардың орташа жалақысы 60- 70 мың теңге.

 

Юрий Царенко, “Солтүстік машина жасау зауыты” ЖШС станокшысы:

– Мен мұнда бұрғышы және темірді кесумен айналысамын. Жұмысымыз ауыр. Жалақы көңіл көншітерлік емес.

 

Серіктестік былтыр 130 млн теңгенің өнімін шығарыпты. Ал, биылғы жылғы жоспарларын әлі болжай алмайды. Өйткені, ол тапсырысқа байланысты дейді басшысы.

 

Бану Ахметова