“Петропавл құрылыс материалдары зауыты” – өңірдегі белді өндіріс орындарының бірі. 2012 жылы ашылған кәсіпорын бүгінде қанатын кеңге жаюда. Серіктестік директоры Александр Кондратов өткен жылы 20 млрд. теңгенің өнімін шығарсақ, биыл тағы 9 миллиардқа арттыруды жоспарлап отырмыз дейді.
Александр Кондратов, “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” ЖШС бас директоры:
-2013 жылы экспорттың үлесін 36 пайызға ұлғайттық. Тауарды, әсіресе, Ресейге шығарамыз. Біздің өнімдеріміз Қорған, Кемерево, Новосібір, Омбы қалаларында жоғары сұранысқа ие. Сондай-ақ, өзіміздің елордамыз Астанаға да тасымалдаймыз.
Өңірлік даму мниистрі Болат Жәмішев зауытты аралап шығып, қарымын байқады. Бүгінде кәсіпорында қайнаған жұмыс. Мұнда су, газ және жылу тасымалдайтын құбырлардың түр-түрі шығарылады. Ең жіңішкесінің диаметрі 16 мм болса, ең жуаны 1 метрден асады. Зауыттың полиэтилен құбырларды өндіру қуаттылығы жылына 51,6 мың тоннаны құрайды. Мұндағы ең негізгі шикізат – полиэтилен Сауд Аравиясынан жеткізіледі екен. Дайын өнімдердің беріктігі созу арқылы сыналады.
Ал, ақауы бар құбырлар қайта өңделіп, басқа мақсатта пайдаланылады. Мұнда, сондай-ақ, шатырға арналған полимерлік жабындар мен үй құрылысына қажет “сэндвич панельдер” шығарылады. Қалыңдығы 5 см осындай бір қабырғаның жылуды сақтаудағы мүмкіндігі 60 см-лік өзге қабырғадан кем түспейді.
Бұдан кейін Болат Жәмішев индустриалдық аймаққа да соқты. Бұл жерде алдағы уақытта бірнеше өндіріс орны шоғырланбақ. Жалпы аумағы 162 гектарды құрайды.
Осы орайда Болат Жәмішев “Бизнестің жол картасына” индустриалдық аймақтарды дамыту бойынша өзгерістер енгізіліп жатқанын мәлімдеді.
Болат Жәмішев, ҚР Өңірлік даму министрі:
-Біз ең алдымен Индустриалдық аймақтарды дамытуға басымдық бермекшіміз. Өйткені, оқшау тұрған кәсіпорынның тиімділігі шамалы. Ал, барлық өндіріс орындарын бір жерге шоғырландыру инфрақұрылымды тартуға да ыңғайлы болады. Есесіне, бюджеттік қаржыны бөлуде де салмақ түспейді. Сіздерде Индустриалдық аймақ құру үшін барлық мүмкіндіктер бар. Тек 2015 жылғы қаржыландыруға үлгеру үшін аталған аумаққа қатысты тиісті құжаттарыңызды 2 айдың ішінде тапсыруларыңыз керек.
Бұдан кейін Болат Жәмішевке “Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту бағдарламасының” жүзеге асу барысы таныстырылды. Соңғы 3 жылда аталған мемлекеттік жобаның аясында 95 үй жөндеу көрген. Бағдарлама сәтті орындалуда деп айтуға толық негіз бар. Өйткені, қайтарылған қаржыға тағы 11 баспана жаңартылыпты. Болат Жәмішев осы орайда аталған бағдарлама бойынша түсіндіру жұмыстарын кеңірек жүргізіп, мердігерлердің жұмысын бақылауды күшейту қажеттігін айтты.
Кездесу барысында елорадық мейманға “Метро” ойын-сауық кешенінің өзгертілетіні туралы мәлім етілді. 2015 жылы бұл жерде Конгресс-Холл пайда болмақ.
Бүгінде Петропавлда тозған үйлерді бұзу бойынша 6 учаске белгіленген. Барлығы ескі деген 1458 үй құлатылып, орнына тұрғындарға 11 мыңнан астам пәтер берілмек.
Журналистер қауымына берген сұхбатында Болат Жәмішев Солтүстік Қазақстан өңірінде әлеуметтік-экономикалық саланың дамуына барлық жағдайдың жасалғанын айтып, Индустриалдық аймақты өркендетуге басымдық берді. Өйткені бұл – көрші Ресейден инвесторларды тартуға жақсы мүмкіндік.
Болат Жәмішев, ҚР Өңірлік даму министрі:
-Әкімдік Петропавлдағы 1-ші индустриалдық аймақтың техникалық-экономикалық негіздемесін тапсырады деп жоспарланып отыр. Барлық құжаттар тиісті деңгейде дайындалса, біз 2015 жылдан бастап қаржыландыруды бастауға қолдау көрсетеміз. Оған қоса, бұл жерге негізгі коммуникациялар тартылған. Сондай-ақ, біз бүгінде жеке индустриалдық аймақтарды дамытуды заңды түрде реттеу туралы мәселені қарастырудамыз. Ондағы мақсат – осындай аймақтарға бюджет есебінен қолдау көрсету. Осылайша, тұралап қалған цехтарды кәсіпкерлікті өркендетуде ұтымды пайдалануға болады. Ал, осы турасында айтарым, Петропавлдың инвесторларды тартуда мүмкіншіліктері зор.
Данаш Хамзина