Құқық қорғау органдары

Қоғамдық кеңес отырысында құқықтық тәртіптің сақталуын қамтамасыз ету бойынша атқарылған жұмыстар қорытындыланды

 

Облыстық ішкі істер департаментінің жанынан ашылған қоғамдық кеңес өз жұмысын 2012 жылы бастаған болатын. Оның құрамына депутаттар, журналистер мен қоғамдық бірлестіктер өкілдері кірген. Қоғамдық кеңес құқықтық тәртіптің сақталуына үлестерін қосып, құқыққорғау органы мен тұрғындардың арасындағы байланысты нығайтуға жұмыс жасайды.

 

Ахан Қажкенов, СҚО ІІД басшысы:

-Ең алдымен қоғамдық кеңес мүшелеріне алғысымды білдіргім келеді. Бұл ұйымға мүшелік ететін азаматтардың тәжірибесі мол және беделді жандар. Олар қоғамдық тәртіпті орнатуға көп септігін тигізіп жүр.

 

Қоғамдық кеңестің биылғы жылғы бұл алғашқы отырысы. Бас қосуда қоғамдық кеңестің төрағасы болып қалалық мәслихат депутаты Жасұлан Ахметов сайланды. Ал оның орынбасары қызметін М.Қозыбаев атындағы СҚМУ тарих және құқық факультетінің деканы Сабыр Ибраев атқармақ. Сондай-ақ, полиция құрылымдарының басшыларынан жұмысшы топтар құрылды.

 

Жасұлан Ахметов, СҚО ІІД қоғамдық кеңесінің төрағасы:

– Қоғамдық кеңестің құрылғанына бір жарым жылдан асты. Сол уақыттан бері бірнеше жиын өткіздік. Онда жолда жүру тәртібі, бағдаршам мен жол мәселелері сөз болды. Сонымен қатар, мұражайларға экскурсия жасадық. Және қоғамдық тәртіп біздің басты назарымызда екенін ұмытпаған абзал. Елбасының биылғы халыққа жолдауында жүктеген міндеттерді орындауды қаперімізде ұстау қажет.

 

Жиында сонымен қатар қоғамдық кеңес мүшелері тәртіп сақшыларының өткен жылы атқарған істері мен алдағы жоспарларынан хабардар болды. 2013 жылы өңірде 9 мыңнан астам қылмыс тіркелген екен.

 

Сәуле Андағұлова, СҚО ІІД штабының басшысы:

– Республикадағы тіркелген қылмыстардың 2,7 пайызы біздің облысқа тиесілі. Қылмыстардың жартысынан көбі Петропавлда жасалған. Ал, өткен жылы тіркелген қылмыс 2012 жылғымен салыстырғанда 22,9 пайызға көбейген.

 

Қоғамдық кеңестің келесі отырысында әкімшілік полицияның қызметі мен әмбебап полицейлердің мәселелері сөз болмақ.

 

Бану Ахметова