Энергетика

Энергетиктер жылу үнемдеу қамында

 

«Петропавл жылу желілері» ЖШС қарамағында 230 шақырымнан астам жылу трассасы бар. Қазіргі таңда олардың 70 пайызының тозығы жеткен. Кәсіпорын бұл олқылықтың алдын алу үшін 4 жыл қатарынан көп уақыт жөндеу көрмеген құбырларды қалыпқа келтіру жұмыстарымен айналысып келеді. 4 кезеңмен жүргізіліп жатқан шара жылу энергиясын үнемдеуге бағытталған. Қаланың орталық көшелеріндегі жағдай қазір біршама жақсарған. Жылу магистральдары алмастырылып, бірталайы қалпына келтіріліпті.

 

Игорь Осняч, «Петропавл жылу желілері» ЖШС директорының орынбасары:

-2011 жылдан бастап біз Амангелді көшесі бойымен өтетін 8-ші магистральда жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Ал 2013 жылы Абай көшесіндегі желіні екі кезеңмен қалыпқа келтіруді бастап, алғашқы бөлігін аяқтадық. Биыл ол жұмыстарды тағы жалғастырамыз.

 

Ескірген желілерді пенополиуретанмен қаптау да жылу энергиясын үнемдеуге септеседі. Бұндай құбырлардың тағы бір артықшылығы олар ұзақ жылдарға шыдас беретін көрінеді. Қазір бұл жүйені де кәсіпорын қолданып келеді.

 

Игорь Осняч,«Петропавл жылу желілері» ЖШС директорының орынбасары:

– Жаңашылдық жылу шығынын азайтады. Мұндай әдіспен біз 5 шақырымдай жылу құбырларын қаптадық. Театральная, Осипенко көшелеріндегі құбырларды да жылу ұстайтын материалмен жаптық.

 

Кәсіпорын автоматтандырылған диспетчерлік басқару жүйесін де қолданып келеді. Ол желіде орын алған ақауды уақытылы анықтап, төтенше жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді. Жалпы «Петропавл жылу желілері» ЖШС Еуропалық қайта құру және даму банкінен 2,4 млрд теңге несие алған. 2013 жылы сол қаржының 1,5 млрд теңгеден астамы игеріліпті.

 

Мағжан Ахмадина