Спорт

Сүйіндік Бегалинді еске алуға арналған футбол турнирі аяқталды

 

Жалпы футбол турнирінде 9 құрама тартысқа түсіп жатыр. Негізінен еліміздің әуесқойлары. Тек біреуі ғана Ресейдің Шадринск қаласының намысын арқалаған команда. Ақтық ойында жергілікті кәсіптік-педагогикалық колледж бен елордалықтар кездесті. Қарсыластардың бәсекелестігі мықты. Алаң иелері мен қонақтар бірін-бірі ала алмай 5 голдан жауап қайырып тарқасты.

 

Руслан Шәріпов, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің студенті:

-Астана қаласынан келген команда осал болған жоқ. Тартысты кездесуде ұпайымыз тең болды. Кеше 3 ойын өткізіп, біреуінде жеңіліс таптық.

 

Дәстүрге айналған жарыс қаламызда 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді. Үзбей қатысуға бел буып жүргендердің бірі кәсіптік-техникалық колледж студенттері. Көбіне аяқ доп сүйерлері талайдың алдын орап, шеберлігімен танылып жүр.

 

Алпамыс Мағауия, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-техникалық колледжінің дене тәрбиесі жетекшісі:

-Осы жолғы турнирге қатысушы командалар қатары былтырғыдан көп. Барлық ойыншылардың дайындықтары жоғары деңгейде. Жергілікті командалар жақсы ойын өрнегін көрсетіп жатыр. Жарыс болған соң, жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Өңір ойыншылары жеңіске жетеді деп үміттенемін.

 

Турнир кестесінде жиылған жалпы есепте бас жүлде Астаналық құрамаға бұйырды. Тұғырдың екінші сатысына кәсіптік-педагогикалық колледж жігіттері көтерілді. Үздік үштікті теміржол колледжінің студенттері тұйықтады.

 

Бақыт Сәдуақасов