Мәдениет

Қалалық “Абай оқулары” байқауының жеңімпазы атағына Эльдар Накиев ие болды

 

Абай оқулары қаламызда 5-ші жыл ұйымдастырылғандықтан қазылар алқасы осы жолы қатысқан сайыскерлерге қатаң талап қойды. Өйткені, оларға бір ай көлемінде Абайдың шығармашылығымен толық танысуға мүмкіндік берілген. Және сайыскерлердің арасында көркем сөз оқу шеберлігінде өткен жылдары бір емес, бірнеше рет бағын сынағандар болды.

 

Алтынай Сыздықова, Петропавл қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы:

-Қазылар алқасы байқауда үміткерлерді көркем мәтінді талғау, таза сөйлеу және әнді орындау шеберлігіне мән береді. Сонымен қатар олардың сахналық мәдениетіне, киім үлгісіне де назар аударылады.

 

Абай оқуына қатысқандар әдеттегідей үш тапсырмаға дайындалып келген. Оның алғашқысы ұлы ақынның поэзиясы не қара сөздерін мәнерлеп оқу керек болатын. Бұл сыннан қайсы біреуін сүрінбей өтті деп айту қиын. Көбі өлеңдерін шала жаттап, сүрініп жатты. Тек араларында кәсіптік-педагогикалық колледж студенті Алина Сербентович ақынның “Біреуден-біреу артылса” өлеңін мүдірместен жатқа айтып, өзгелерден басым түсті.

Келесі тапсырмада сайыскерлер Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” эпопеясының 1-ші кітабынан 4 минуттық үзіндіні көркем шеберлікпен жатқа оқуға талпынды. Бұл кезеңде Алина Сербентович өзінің есте сақтау қабілеті жақсы екендігін танытты.

«Абай жолы» романының “Қайтқанда” тарауынан шағын үзіндіні 4 емес 10 минут бойы тебірене оқып, өзгеден ерек болды.

 

Ақырғы тапсырмада сайыскерлер ақынның не қазақ халық әндерінен бір туындыны орындап шықты. Жүлделі орындарға іліккен жеңімпаздар диплом және шырынсыққыш, шәйнек пен ұялы телефон сынды бағалы сыйлықтарға ие болды.

 

Берік Қасен