Бизнес және экономика

Петропавлда бизнес мектебі ашылды

 

Өңірде шағын бизнес ашқысы келетін жастарға арналған “Бизнес мектептің” тұсауы кесілді. Енді өз ісін бастауға ниетті өңір жастары арнайы курстардан өтетін болады. Бұл семинарға облыстың 29 орта оқу орындары түлектерінің қатысуға мүмкіндігі бар. Әсіресе ауыл шаруашылығы саласы бойынша кәсібін дөңгелеткісі келетіндерге басымдық берілген.

 

Тимур Джексенов,Солтүстік Қазақстан кәсіптік- педагогикалық колледжінің студенті:

-Мен биыл колледжді тәмамдаймын. Әрине өзімнің жеке ісімді ашсам ба деген ойым бар. Еліміздегі полиграфия саласына қан жүгіртсем деген ниеттемін.

 

Курсқа қатысушы Анатолий Здражевский шағын бизнесті дамытуға үмітті жастардың бірі. Алайда нарықты әлі зерттемепті. Сондықтан қай кәсіпті қолға алатыны жайлы дөп басып айта алмады. Семинарға қатысып, бір байламға келемін деп отыр.

 

Анатолий Здражевский, Солтүстік Қазақстан кәсіптік- педагогикалық колледжінің студенті:

-Өз басым жеке бизнесімді құрғым келеді. Осы арнайы курстың арқасында қажетті ақпараттарды аламын деп ойлаймын.

 

Шағын бизнес орта бизнесе қарағанда анағұрлым ұтқыр және үнемі дамып отыруға қабілетті, – дейді  ұйымдастырушылар. Облыстық кәсіпкерлер палатасының мамандары кәсіп ашуға қабілетті жастар болса, көмектен аянбаймыз деп отыр.

 

Владимир Литвиненко, СҚО кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– “Кәсіпкерлер палатасы “бизнес мектеп” пилоттық жобасын іске қосты. Жоба негізінде студенттерге шағын бизнес жайында кеңестер беріледі. Нәтижесінде болашақта жеке кәсібін ашатын жастар қатары артады деген сенімдеміз. Осы сынды кәсіпкерлік мектептерін қаладағы басқа да оқу орындарында ашуды жоспарлап отырмыз.

 

Арнайы курсқа облыс колледждерінің барлық түлектері қатыса алады. Жеке ісін меңгеремін дегендер 40 сағаттық оқудан өтпек, оның 20-сы теориялық сабақтар болса, қалған 20-сы тәжірибелік сағаттар.

 

Бақыт Сәдуақасов