Қоғам

“Жұмыспен қамту жол картасы-2020” бағдарламасын жүзеге асыру барысы

“Жұмыспен қамту жол картасы-2020” бағдарламасы жүзеге асқалы 18,5 мың  теріскейлікке шарапаты тиіпті. Екі қолға бір күрек іздеп келгендердің 88 пайызы тұрақты табыс көзімен қамтылған. Жобаға қатысушы әр төртінші адам сұранысқа ие мамандыққа қайта оқытылды. Өзгелеріне өзін-өзі жұмыспен қамту үшін жеңілдетілген түрде шағын несие рәсімделді.

Орта есеппен ай сайын мемлекеттік жоба мүмкіндігін пайдаланып қалуға 400-ге тарта жерлесіміз жүгінетін көрінеді. Оның үштен екісін напақа табуға ниетті ауыл азаматтары құрайды. Елдегі бизнесті дамыту қамында 663 ауыл еңбеккеріне 1,4 млрд теңгенің несиесі беріліпті. Оның тең жартысы жеке ісін енді бастағандар. 66 пайызы мал шаруашылығы әлеуетін арттыруға ден қойды. Нәтижесінде 600-ден артық жаңа жұмыс орны ашылды.

 

Асқар Сақыпкереев, СҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:

– Несие алған 700 адамға бизнестің қыр-сыры үйретілген шеберлік сабақтары өткізілді. Бизнес-жоба құруда демеу жасалды. Сондай-ақ шағын несие алғандардың инженерлі-кәріздік желілерін тартуға үкімет қолдау көрсетті. Былтыр ғана инфрақұрылымды жаңғырту бойынша 26 жобалық сметалық құжаттама әзірленді.

 

Экономикалық әлеуеті төмен ауылдардан 338 жанұя көшірілген. Жаңа мекенге қоныстандырылғандардың 67 пайызы тұрақты қызметке орналастырылды. Баспанамен қамтып қана қоймай, 13 млн. теңгенің көтермеақысы беріліпті. Соңғы 2 жылда бағдарлама аясында өңіріміздегі тозығы жеткен 127 әлеуметтік нысан жөнделіпті. Бұл шаруаға тартылған жұмысшылардың тең жартысы еңбексіз бос жүргендер. Қыруар іс тындырылған. Десе де айналып өтпейтін мәселелер жоқ емес. Журналистерді жолдаудағы басымдықтардың бірі мүгедектерді жұмыспен қамту жағы қалай жүргізіліп жатқандығы қызықтырды.

 

Асқар Сақыпкереев, СҚО жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы:

– 5 аудан мен облыс орталығында бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Онда 66 кәсіпорын 205 жұмыс орнын ұсынды. Нәтижесінде 59 жарымжан тұрақты еңбекпен қамтылды. 12 адам қоғамдық жұмысқа алынды. 7 адам әлеуметтік істермен айналысатын болды. Кәсібі жоқ 17 келуші мамандыққа оқытылады. Сондай-ақ 80 мүгедек кәсіби кеңес алды.

 

БАҚ өкілдерін ауылдағы жұмыссыздық мәселесі де алаңдатпай қоймады.

Сондай-ақ қаламы қарымдылар берілген несиелерді  мақсатты пайдану жағын сұрастырды. Берілген қаржыны тиімді жұмсау жіті бақылауда. Орынсыз пайдаланушылық тіркелмепті. Облыс орталығында жас мамандар үшін тұрғызылатын 2 жатақхана жайы да назарсыз қалмады. Құрылыс 2015 жылға жоспарланып қойылған.

 

Жеңіс Ермұқанов