Қылмыс

Адам саудасымен айналысқан петропавлдық ұсталды

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы кұрес басқармасының қазметкерлері адам саудасымен айналысып жүрген 29 жастағы Петропавл тұрғынын ұстады. “Ауру қалса да, әдет қалмайды” деген рас. Ол бұрындары осы арамза қылығы үшін істі болған. Сондықтан, есепте тұрған сұрқайды жедел уәкілдер бір ай көлемінде бақылауға алды.

 

Абай Оспанов, СҚО ІІД ҰҚҚКБ басшысының орынбасары:

-Ол қыздарды еркінен тыс жыныстық қарым-қатынасқа итермелеп, сауна мен қонақ үйлерді торуылдап жүрген клиенттерге ұсынған. Одан бөлек жедел іздестіру шарасы барысында сезікті жалдаған пәтерде тағы 2 бойжеткеннің тұрып жатқандығы белгілі болды. Қазір оған адам саудасымен айналысты деген айып тағылып, қамауға алынды. Қылмысы дәлелденсе, жеңгетай 7 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

 

Республикалық “Стоп трафик” жедел іздестіру шаралары Солтүстік Қазақстан аумағында 3 күн өтті. Нәтижесінде қыздарды еркінен тыс төсек қызметін көрсетуге мәжбүрлеген 3 жағдай тіркелді. Одан бөлек саунаның бір қожайыны өз иелігінде қыздарға жезөкшелікпен айналысуға жол бергені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Ол енді 500 мың теңге мөлшерінде айыппұл төлейді.

 

Берік Қасен