Аптадағы маңызды жаңалықтар

Республикалық селекторлық кеңес

 

Биыл елімізде егін бітік шығып, 29 млн. тоннадан артық астық жиналды. Оның 24 млн тоннасы  – бидай. Ендігі мәселе мол астықты сақтап, өткізуге қатысты болып отыр. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы мемлекеттік қорға биылғы жылдың астығынан 5 млн. тонна сатып алады. Бидайдың тоннасына қойылған баға – 25 мың теңге. Бірақ биыл рекордтық астық жиналып отырғандықтан бұл жеткіліксіз. Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков желтоқсанның бірінен қосымша тағы 3 млн. тонна бидай сатып алынатынын жеткізді. Әзірге астық бағасы 16,5 мың теңге көлемінде белгіленіп отыр. Үкіметтегілер мұның ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер үшін үлкен қолдау екенін айтады. Сонымен қатар несиені қайтару мерзімін ұзарту мүмкіндігі де қарастырылмақ.
Отырыста қаралған екінші мәселе – индустрияландыру картасына енгізілген жобалардың жүзеге асырылуы. Картаға 153 жаңа жоба енгізіліп отыр. Жыл соңына дейін 162 өндіріс ошағы іске қосылмақ. Сөйтіп, биыл елімізде бір трлн. теңгеге бағаланған 237 жоба жүзеге асырылады деп көзделген.
Селекторлық байланыс үзілгеннен кейін бұл мәселелер облыс әкімі өткізген кеңесте талқыланды. Азық-түлік келісімшарт корпорациясы солтүстікқазақстандықтардан 1 млн. 450 мың тонна бидай сатып алмақ.

Есжан Оразалин, “Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы” ҰҚ” АҚ облыстық филиалының директоры:
-Бүгінде 662 мың тоннаға өтініш түсті, 602 мың тоннаға келісім жасалды. 513 мың теңге төленді. Қосымша астық қабылдау орындары іске қосылғаннан бері бұл бағыттағы жұмыс қыза түсті.

Ал екінші мәселе бойынша облыста жұмыс тиісті деңгейде жүргізіліп жатыр. Өңірлік индустрияландыру картасына 24 жоба енгізілген. Оның 10-ы  өткен жылы жүзеге асырылды. Ал он жоба биылға жоспарланған. Бүгінде жетеуі іске қосылса, үшеуі жыл соңына дейін жүзеге аспақ. Облыс әкімі жауапты тұлғаларға бұл бағыттағы жұмысты қатаң бақылауға алуды тапсырды.

Айымгүл Әбілева