Билік

Мүгедектердің мүмкіндігі шектеулі болмауы керек

Петропавлдағы тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедек балаларға арналған интернат үйі 1999 жылы ашылған болатын. Ол 20 орынға шақталған. Мекемеге ат басын тіріген облыс әкімі Самат Ескендіров интеранттың материалдық-техникалық базасымен танысып, ондағы ойын, жатын бөлмелері, логопед, музыкалық кабинеттер мен жаттығу залын аралады. Артынша балалармен жүздесіп, олардың денсаулықтарын түзетуде қаншалықты жағдай жасалып жатқандығы жайында сұрап білді. Өз кезегінде тәрбиешілер өңір басшысына көкейлеріндегі сауалдарын жолдап, оған нақты жауаптар алды.

Облыс әкімі интернат тәрбиеленушілерінің әрқайсысына бір-бір планшет сыйлап, болашақта бәрінің де белгілі бір мамандық иесі болуына тілектес екендігін жіткізді.

 

Сандуғаш Молдағалиева,интернат тәрбиеленушісі:

-Облыс әкімінің жасаған сыйлығы ұнады. Ол кісі сондай-ақ бізбен әңгімелесіп, қойған сұрақтарымыздың барлығына жауап қайырды. Сол үшін алғысымызды білдіреміз.

 

Балалардың тірек-қимыл қозғалыстарында ақау бар. Десе де олар облыс орталығындағы №13 орта мектепте дені сау өз қатарластарымен бірге білім алуда. Олардың интернаттан білім ошағына қатынауына, тәрбиеленушілердің мектеп ішінде жүріп-тұруларына барынша жағдай жасалған.

Тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедек балаларға арналған интернат үйінде шешімін күткен мәселелер де жоқ емес. Оны өңір басшысымен әңгіме барысында ұжым қызметкерлері тізбектеп берді.

 

Татьяна Лузакова, тірек-қимыл аппараты зақымданған мүгедек балаларға арналған интернат үйінің директоры:

-Негізгі мәселелеріміз – арнайы жаттығу кабинеттерінің жеткіліксізгі. Арт терапияны дамытуға музыка кабинеті тарлық етеді. Жаттығу залы да шағын. Массаж бен тірек-қимыл қозғалыстарын жаттықтыру жұмыстарының барлығы бір жерде өтеді. Ол әрине ыңғайсыздық туғызады. Өңір басшысы мәселенің шешімін табуына септесуге уәде етті.

 

Аталмыш интернат үйі бүгінде өз тәрбиеленушілеріне 8 бағыт бойынша реабилитациялық көмек көрсетеді. Мамандар арнайы әзірленген бағдарламаларға сүйене отырып, балалардың әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс істейді. Мақсат  – өскелең ұрпақтың өзін толыққанды қоғам мүшесі ретінде сезінулеріне жағдай жасау.

 

Самат Есмағи