Спорт

Мемлекеттік қызметшілер арасында дәстүрлі спартакиада басталды

 

Қалалық әкімдік қызметкерлері арасында ұйымдастырылған үстел теннисі турниріне табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы, салық департаменті мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметшілері қатысуда. Мұратбек Тәліпов спортшылардың ішінде ең ересегі. Ол “Тәні саудың-жаны сау” деген мақалды ұстанады.

 

Мұратбек Тәліпов, Петропавл қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің сектор қызметкері:

-Жасыма қарамай осындай спорттық сайыстардан қалмауға тырысамын. Тәні сауды жаны сау деп бекер айтылмаған ғой. Сондықтан осы бұқаралық спортты уағыздап отыратын қала әкімдігі мен спорт бөліміне алғысымды айтамын.

 

Мемлекеттік қызметшілер көп уақытын кеңседе өткізетіндіктен, мұндай шаралар оларға жұмыстан бос уақытында бір серпіліп қалуға септігін тигізеді. Сондықтан олар аязды күндерге қарамастан, осы залға көптеп жиналды.

 

Валерий Евдокименко, Петропавл қаласы дене тәрбиесі және спорт бөлімінің басшысы:

-Алда волейбол, шағын футбол, шахмат, дойбы сынды спортттық жарыстың 7 түрін ұйымдастырамыз. Сайыстарымыз жыл сайын жақсы қарқынмен өтіп келеді. Жас мамандардың біразы осындай сындарда бір-бірімен танысады.

 

Денсаулықты шыңдауды көздейтін шара кәдімгі кәсіпқой жарысқа айналғандай әсер қалдырады. Кейбіреуі ракетканы қос қолымен бірдей меңгеріп алған. Бәсекелестік мықты. Жеңімпаздар кубок, грамота, медальдармен марапатталды. Жоспарлы спартакиадалардың тізімі бойынша келесі волейбол ойыны наурыз айына белгіленіпті.

 

Берік Қасен