Балалар

Есту кемістігі бар балалар сурет салуға үйренуде

 

 

Бүгінгі сабақтың тақырыбы «Қанатты ат» деп аталады. Өйткені облысымыздағы саңырау балаларға арналған интернаттың тәрбиеленушілері Петр Ершовтың ертегісіндегі хайуанаттардың суретін салуда. Есту қабілеттері нашар балғындар, кейбірі мүлдем естімесе де өзге балалар сияқты кез-келген затты қағаз бетіне түсіруге машықтанып жатыр.

 

– Сурет салуды өте жақсы көремін. Мұнда біз табиғаттың, хайуанаттардың суреттерін саламыз.

Мен бүгін қанатты атты салдым. Ұстаздар жұмысымызда барлық түстерді орынды қолдануға үйретеді.

 

“Юнеско”көркемөнер лицейінің оқытушысы Светлана Черняеваның саңырау балаларды сурет салуға үйретіп жатқандығына бір жыл болыпты. Көбіне, олар пейзажбен жұмыс істейді. Сурет салудың бұл түрі балаларға өте ұнайды, әрі оның техникасы балғындарға қиынға соқпайды дейді ол.

 

Светлана Черняева, “Юнеско клубы” көркемөнер лицейінің оқытушысы:

– Құлағында кемістігі бар балалармен жұмыс істеген ұнайды. Өйткені, олар дарынды болып келеді. Айтқан нәрсені тез ұғады.

 

Бұл лицейде саңырау балаларды сурет салуға баулу 1986 жылдан бастап қолға алыныпты. Мұнда инклюзивті білім беру бағдарламасы бойынша жұмыс жүргізіледі.

 

Людмила Зайнутдинова, “Юнеско клубы” көркемөнер лицейі директорының орынбасары:

Біздің лицей 1977 жылы ашылды. Арада 9 жыл өткен соң педагогтарымыздың бірі инклюзивті білім беру арқылы құлағында кемістігі бар балаларды оқытуға ұсыныс жасады. Міне сол уақыттан бері саңырау балалар бізде сурет салуға машықтанып келеді. Есту қабілеті нашар және мүлдем естімейтін жандармен педагогтар сурдоаударма арқылы түсіндіреді.

 

Бүгінгі күні бұл лицейде 600-ге тарта бала оқиды.

 

Бану Ахметова