ТЖ

Петропавлда бір жатақхананың құлап қалу қаупі бар

 

Төтенше жағдай ақпанның 19-нан 20-на қараған түні орын алған. Егемен Қазақстан көшесі, 30 мекен жайындағы жатақхананың бірінші қабатында орналасқан дүкеннің жертөлесінде 4 бірдей темірбетон қабырға жылжып кеткен. Мұны көрген “Экватор” ПИК төрағасы таңғы 9 сағат 22 минутта 112 нөмеріне қоңырау соғады.

 

Евгений Журавлёв, СҚО ТЖД баспасөз қызметінің бас маманы:

-Ол жерге бірден Департамент диспетчерлік қызметінің төтенше жағдайлар жөніндегі басқармасының мамандары, Департамент басшылығы мен әкімдіктің өкілдері барды. Ғимаратты қарап шыққан соң, тұрғындарды көшіру туралы шешім қабылданады. Қазіргі уақытта үйдің оң қанатындағы тұрғындар, дүкеннің қызметкерлері мен бүкіл заттары қауіпсіз жерге көшірілді.

 

Апатты ғимараттан барлығы 54 адам шығарылды. Көбі сол кезде үйлерінде болмағандықтан, бар жағдайды туыстарынан естіпті.

 

Марат Нурамчин, Егемен Қазақстан көшесі, 30 мекен жайындағы жатақхана  тұрғыны:

-Маған зайыбым телефон арқылы жатақхананың құлағалы тұрғанын хабарлады. Мен автобусқа мініп, асығыс жетіп бардым. Содан кооператив төрағасына жертөлені қалпына келтіруді ұсындым. Ол ешқандай да жөндеудің қажеті жоқ деді.

Ғимараттың жанында жедел жәрдем қызметі кезекшілік етуде. Әйелдер мен балалар жылыну үшін жайлы автобусқа барып отырады. Қазіргі уақытта әкімдік өкілдері тұрғындарды орналастыратын ғимарат іздестіруде.

 

Нина Тагильцева, Егемен Қазақстан көшесі, 30 мекен жайындағы жатақхана тұрғыны:

-Бала автобуста отыр. Мен оның қамқоршы әжесімін. Оның не анасы, не әкесі жоқ. Қайда барып паналайтынымызды білмеймін. Барлық дүние-мүлік іште қалды, тек құжаттарды ғана алдым.

 

Жергілікті тұрғындар оқиғаға кәсіпкерлерді кінәлап отыр. Бар гәп – бұрыннан бері орналасқан дүкенде сияқты. Олардың айтуынша, жөндеу жұмыстарын жүргізу кезінде ғимараттың құрылымына зақым келуі мүмкін.

 

Динара Айтқұлова, Егемен Қазақстан көшесі, 30 мекен жайындағы жатақхананың тұрғыны:

-Бүгін таңертең әдеттегідей жұмысқа кетіп едім. Әйтеуір, аман қалдық. Үкімет бізді үйсіз қалдырмайды деп ойлаймын.

 

Қазір оқиғаның себебі мен материалдық шығын есептелуде. Абырой болғанда, жапа шеккендер жоқ.

Сондай-ақ бұл күні қала әкімі Төлеген Закариянов Егемен Қазақстан, 30 мекенжайындағы жатақхана тұрғындарымен жүздесті. Нысанның тұруға жарамдылығын арнайы сараптама тобы анықтайтын болады. Тексеріс қорытындысы алдағы дүйсенбінің кешінде белгілі болмақ. Оған дейін бөлме иелері жақын туысқандарында немесе пәтер жалдап тұруға мәжбүр болады. Шаһар басшысы кеткен шығын өтеледі деп сендірді тұрғындарды. Кездесу жайындағы материалды жұма күнгі жаңалықтар топтамасынан көре аласыздар.

 

Данаш Хамзина