Қоғам

Интернационалист-жауынгерлерге құрмет көрсетілді

 

 

Серік Ахметжанов Отан алдындағы міндетін Ауған жерінде өтепті. Ол сол кезде өмір мен өлім қатар жүретін, оқ пен от ұшқан майданның ортасына түсемін деп ойламаған. Бірақ, рухы мықты жас сарбаз барлық қиыншылықты еңсеріп, еліне аман оралды. Қазір жерлесіміз облыстық протез-ортопедиялық орталықта еңбек етеді. Серік Ахметжанов үшін бүгін есте қаларлық күн болды. Себебі жергілікті билік өкілдері оған құрмет көрсетіп, омырауына мерейтойлық медаль тақты.

“Батыр – майданда, болат қайнауда шынығады” деген рас. Кеше Ауған соғысында жүріп, Отан алдындағы борышын өтеген ерлер бүгін де Отандарына қалтқысыз қызмет етіп, кейінгі ұрпақ тәрбиесіне үлестерін қосуда.

 

Виктор Баканов, Ауған соғысының ардагерлері:

-Мен бізді елеп-ескеріп жатқан барлық жерлестерімізге, қала әкімшілігі мен мемлекетке зор алғысымды білдіремін. Соңғы кездері Ауған соғысы ардагерлеріне көп көңіл аудара бастады. Біздің жер-жерде өтіп жатқан түрлі патриоттық үгіт-насихат шараларына қатыстырып, келер ұрпаққа үлгі етіп жүргеніне мың да бір алғыс айтамын.

 

Мерейтойлық медальдармен марапаттау рәсіміне бүгін жалпы саны 15 ауған соғысының ардагері қатысты. Оларға қала әкімдігінің қызметкерлері мен мәслихат депутаттары игі тілектерін айтып, қошемет көрсетті.

 

Қайролла Ғалеев, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

-Бұл сұм соғысты біз енді тек тарих беттерінен ғана оқитын болайық. Оның қамтыған мерзімі ҰОС-на қарағанда 2 есе ұзақ болды.

 

Қаламызда 361 Ауған соғысының ардагері қалған екен.

 

Берік Қасен