Балалар

Қалалық № 1 өнер мектебінің тәрбиеленушілері халықаралық би байқауынан жүлдемен оралды

Солтүстікқазақстандық биші қыз Юлия Чернобай қазылар алқасына осы нөмірді ұсыныпты. Бұл биді таңдаған кезде ол шығыс биінің барлық қимыл-қозғалыстары мен нақышын ескеруге, тіпті араб менталитетіне сай музыкалық талғамның да жоғары болуына аса мән берген. Есесіне тынымсыз еңбектенуге тура келіпті. Төгілген тер ақталып, Юлия өмірінде бірінші рет үлкен додада жеңімпаз атанған-ды.

 

Юлия Чернобай, №1 өнер мектебінің тәрбиеленушісі:

-Қарсыластарым мықты болды. Сахнаға қымсынбай шықтым. Бойымда еш үрей, қобалжу болмады. Сенімділігім жоғары болғандықтан, музыканың ырғағына еркін ілесіп, биді соңына дейін мінсіз орындап бердім. Қол жеткізген нәтижеме ризамын.

 

Жоғары дәрежедегі байқауға “Классика” аталымы бойынша жергілікті “Семира” би ұжымы да қатысқан екен. Бәсеке күшті болғандықтан, олар да қазылар алқасының көңілінен шығу үшін барын салыпты. Топтағы қыздар әсіресе бидегі техника, композиция, сыртқы келбет пен имиджге аса мән берген.

 

Кристина Лазарева, №1 өнер мектебінің тәрбиеленушісі:

-Байқаудағы сынақтардан сүрінбей өту бәрімізге қиынға соқты. Үміткерлер шетінен бірінен-бірі асады. Тіпті біз бір уақытта жүлделі орындарға қол жеткізуден де күдер үзе бастадық. Дегенмен, 1-ші орыннан көрінгенімізде қуаныштан төбеміз бір елі көкке жетпей қалды.

 

Осылайша, бойжеткендер өздеріне деген жоғары сенім мен қажырлы еңбектің арқасында сынақтан сүрінбей өтіп, “Ориентал шоу” аталымында бәске тігілген басты жүлде кубокты иеленді.

 

Светлана Мархалюк, №1 өнер мектебіндегі “Семира” шығыс би студиясының жетекшісі:

-Байқауға 30 ұжым қатысты. Онда әлемге танылып үлгерген және бірнеше мәрте бали денстан бас жүлделерді қанжығаларына басқан студиялар болды. Соның бірі – Олег Ивановтың студиясы.

 

Жалпы “Орал би конвенциялары” деп аталатын халықаралық байқауда біздің жерлестеріміз 3 бірдей бірінші орынды еншілеген. Ал, тағы бір ұжым 2-орынды місе тұтты.

 

Берік Қасен