Аптадағы маңызды жаңалықтар

Елбасының жолдауын түсіндіру мақсатында Солтүстік Қазақстанға республикалық ақпараттық-насихат тобы келді

 

 

2014 жылдың 17 қаңтарында барша отандастарымыз маңызды қоғамдық-саяси оқиғаның куәгері болды. Ел басы Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат. Бір мүдде. Бір болашақ” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауын жариялады. Жылдың бас құжаты елдің әр азаматының әл-ауқатын жақсарту қамында бірқатар тың әлеуметтік бастамаларды көтерді.

Құжат бар, енді оны бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ел болып жүзеге асыру біз бен сіздің міндетіміз. Ондағы басымдықтарды теріскейліктерге жеткізу үшін өңірімізге жұмыс сапарымен республикалық үгіт-насихат тобы келді. Үлкен делегацияны бастаған ҚР Ішкі Істер Министрі Қалмұхамбет Қасымов облыс активі алдындағы өз сөзінде Ұлттық қауіпсіздік мәселесіне тоқталды. Осы орайда, еліміздің құқық қорғау саласы соңғы уақытта талай реформаларды бастан кешіргені белгілі.

 

Қалмұханбет Қасымов, ҚР ІІ Министрі:

– Өткен жылдың соңынан әмбебап полиция жүйесін енгіздік. Барлық құрылымдарды біріктірудегі мақсат – қылмыспен күресудің көкжиегін кеңейту. Енді бар полицейдің қызмет аясы теңестірілді. Биыл үкіметтің қарауына қылмыстық, процессуалдық және әкімшілік заңнамалардың жаңа жобасы ұсынылды. Заман ағымына сай толықтырулар мен өзгертулер келесі жылдан заңды күшіне енеді. Сондай-ақ, Қазақстан барлық деңгейдегі қылмыстарды тіркеу жолын таңдаған алғашқы ел.

 

Осының салдарынан былтыр ел көлемінде қылмыстар саны 300 мыңнан асыпты. Алайда бұл ұсақ қылмыстардан бастап, криминогендік жағдайды бақылаудың мүмкіндігін ашқан. Есесіне аса ауыр қылмыстар саны 15 пайызға кеміді. Адам өліміне әкеп соғатын қайғылы оқиғалар да осы деңгейде төмендеген. Бұл бағытта Солтүстік Қазақстан өңірі үздік көрсеткіштегі үш облыстың қатарында. Президент әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов жолдаудағы әр басымдыққа жіті тоқталды. Әсіресе өңірімізге тікелей қатысты АӨК дамыту, елді мекендерге жаңа дем беру мәселелерін ерекше атап өтті.

Бұған қол жеткізудегі басты алғы шарт – бірлігі жарасқан қазақстандықтардың қаймағы бұзылмаған бейбіт тірлігіне сызат түсірмеу. Өткенсіз бүгін жоқ. Шежірелі Ұлтық дәстүрді жаңғырту керек. Бұның түп қазығы Елбасы көтерген “Мәңгілік Ел” идеясында жатыр.

Осылайша қадірменді меймандар жолдауды жілік-жілігімен жіктеп берді. Кейін жиналғандар көкейіндегі сауалдарын қойып, мардымды жауаптар алды.

Ендігі кезекте, жолдауды ақпараттық насихаттау тобы екі күн бойы өңіріміздің аудандары мен өндірістік ошақтарын аралап, бас құжатты үгіттейтін болады.

 

Жеңіс Ермұқанов