Құқық қорғау органдары

Облыс полицейлері ауған соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетті

 

Кеңес әскері Ауғанстан аумағынан 1989 жылы ақпанның 15-нде шығады. Содан бері бұл оқиға жарияланбаған соғыстың аяқталған күні ретінде жыл сайын аталып өтуде. Облыстық Ішкі істер дапертаментінде осыған арналып ұйымдастырылған шарада ең алдымен мемлекеттік әнұран шырқалды. Кейін жиналған жұрт ауған жерінде марқұм болған жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алып, қатардағы ардагерлерге игі тілектерін жолдады.

 

Виктор Букреев, СҚО ІІД басшысының орынбасары: -Ауған соғысы, әлбетте, зұлым соғыстардың бірі болып саналады. Біз өзінің әскери міндетін орындау барысында оққа ұшқан абзал азаматтарымызды ұмытпауымыз қажет.

 

Айтулы датаға орай, Ауғанстанда соғыста болған 3 полиция қызметкері ІІМ Құрмет  грамотасы, алғыс хаты және медалімен марапатталды. Сондай-ақ, жиынға қатысқан барлық ардагерлерге мерейтойлық төсбелгі табыс етілді. Жауынгер-интернационалистер өз кезегінде көрсетіліп жатқан зор ілтипатқа ризашылықтарын білдірді.

Кездесуге келген қонақтарға кейін сарбаздардың ұрыс даласында кешкен қиын өмірі бейнеленген деректі фильм көрсетілді. Ол күндер ұмытылмайды дейді ардагерлер.

 

Талғат Самаратов, Ауған соғысының ардагері:

-Мені мотоатқыштар бөлімінде, оның ішінде гранаташылар взводында БТР-дің аға жүргізушісі болдым. Малый перевал деген жерде 15 ай болдым.

Ал, Департамент ішіндегі мұражайда қонақтар интернационалист жауынгерлерге арналған көрмені тамашалады.

 

Данаш Хамзина