Билік

Арнайы топтар азық-түлік бағасын бақылауда

 

Қазір қала аумағында 4 мобильдік топ тұтынушыға жететін тауардың бағасын қалыпты ұстау үшін көтерме сауда орындары мен тасымалдаушы серіктестіктердің жұмыстарын жіті қадағалап жүр. Азық-түлік бағасының мониторингі күніне 2 рет жүргізіледі. Әсіресе, халық көп тұтынатын өнімге бекітілген бағаның өзгермегендігіне көз жеткізіп, олардың дүкен сөрелеріне қай бағамен босатылып жатқандығын байқауда. Олар облыс орталығында бөлшек саудамен айналысатын 34 сауда нүктесін тізімге алған.

 

Евгения Сальникова, “Петропавл қалалық кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және ветеринария бөлімі” ММ басшысының міндетін атқарушы:

-Бөлшек сауда орындарында 12 түрлі өнімнің бағасы біршама жоғарылаған. Нақтырақ айтсақ, шай, құс еті, ірімшік пен жарманың бірнеше түрі 5-тен 15 теңгеге дейін өскенін байқадық. Оған қоса пияз, картоп, қырыққабат пен сәбіздің де бағалары айтарлықтай өсті.

 

Бағаны тізгінде ұстап тұру үшін қала әкімдігі өткен аптада меморандум жасасқан 7 көтерме фирманың жетекшілерімен бірлесіп жұмыс атқаруда. Олардың қатарына әлі 13 тасымалдаушы компания енуі керек. Осы бағытта жергілікті билік бар амалын қарастырып жатыр.

Бұған қоса өткен аптаның соңында тұтынушылар қаладағы кей сауда сөрелерінде қант жетіспейді деп шағым түсіріпті. Қант тасымалымен қаламызда “МДМ” және “ИНСАР” ЖШС-тері айналысады. Ал, олар қыс мезгілінде тәтті шекерге сұраныс онша көп болмайды, дегенмен, қаладағы қант қоры әлі 1,5 айға жетеді деп сендіріп отыр. Олар тәтті шекердің 1 келісін “Орталық Азия қант корпорациясынан” 150 теңгеге сатып алып, меморандум аясында сол бекітілген бағамен жеке сату орындарына жеткізеді екен. Оларға бүгін пойызбен 68 тонна қант жеткізілді. Бұл өнімді “Северный”, “Семейный” және “Нан плюс” супермаркеттері сұратқан.

 

Ирина Кондратьева, “Нан плюс” супермаркеті директорының орынбасары:

-Біздегі қант қоры біраз болатын. Бірақ, азық-түліктің күрт көтеріліп кететіндігінен қорыққан халық 2 күн ішінде қордағы бар шекерді сатып алды. Бүгін міне “ИНСАР” серіктестігі тапшы өнімді сол бағамен, яғни 150 теңгемен жеткізіп отыр. Тиісінше, бізде де қанттың бағасы сол қалпында сатылады.

 

Сөреде тұрған жергілікті кәсіпкерлердің өнімдерін көбінесе зейнеткерлер алуға тырысады екен. Олар баға қалыпты, алаңдаушылыққа бой алдыруға негіз жоқ дейді.

 

Валентина Аненкова, зейнеткер:

-Мен тұтынатын азық-түліктердің бағасы еш өзгермеген. Мәселен, жұмыртқаның 10 данасы 170, сүт, қант 150 теңге тұрады. Одан басқа мен бүгін ештеңе сатып алған жоқпын. Сондықтан, өзге тауарлардың бағасына қатысты ештеңе айта алмаймын.

 

Бүгінде қоймаларда азық-түліктің қоры молынан сақталыпты. Мәселен, қант, тұз, жарманың қоры 200 тоннаға жуық. Макарон өнімдері, күнбағыс майы мен шай 10-нан 35 тонна шамасында. Қала әкімшілігі аталған тауар өнімдерін бөлшек бағамен өткізетін 5 сауда орнының басшысымен жалға берілетін орындардың құнын 20 пайызға дейін төмендету жөнінде келісім-шарт жасасқан.

 

Берік Қасен