Туризм

Туристік көпсайыстан жарыс

 

 

Жарыс қатысушылардың салтанатты сәлемдесуімен басталды. Бас төрешілер командалар мен тас жолдың дайын екендігіне көз жеткізген соң, сайысты ашық деп жариялады. Шаңғыдан туристік көпсайысқа үнемі қатысатындардың бірі – Ильмира Женсарина.

 

Ильмира Женсарина, жарысқа қатысушы:

-Шаңғы спорты денсаулыққа пайдалы, қызыққа толы спорт түрі десем артық айтқандық емес. Бұл жерде жалғыз адамның ісі өнбейді, сондықтан, топ болып жұмыс жасаймыз. Күннің суықтығы мен боранға қарамай, жеңіске жетуге тырысатын боламыз.

 

Жарыс бағдарламасына сай командалар туристік эстафета және тосқауылдар жолағынан өтулері тиіс. Шаңғышыларға әр сайыста туристік құрал-жабдықтар мен түрлі әдіс-тәсілдерді қолдануға мүмкіндік берілген. Шаңғымен «шырша» және «баспалдақ» тәріздес көтерілу, палатка тігу, от жаға білу, жоғалған адамды іздеу және тасымалдау – туристік көпсайыстың басты шарттары саналады.

 

Екатерина Вязанкина,”Планета” ТО нұсқаушысы:

-Туристік көпсайысқа облыстың білім мекемелерінен 36 оқушыдан құралған 9 команда қатысуда. Эстафетаның барлық кезеңдері мен тосқауыл жолағы жазғы сауықтыру лагерінің аумағында өтіп жатыр. Мұнда ең бастысы сайыскерлер жаңа тосқауылдарға дайын екендіктерін көрсетулері тиіс.

 

Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орынды “Планета” туристік орталығының тәрбиеленушілері иеленді. Сайысқа қатысқан барлық командаларға грамоталар табыс етілді.

 

Бақыт Сәдуақасов