Мәдениет

Патриоттық әндер фестивалі

 

 

Гитараларын қолына ұстаған Ауған соғысының ардагерлері бүгін сахна төріне шығып, ән салуда. Көпті көрген аға буын өкілдері осылайша, майданнан оралмаған әскери жолдастары мен қаруластарын еске алып, құрмет көрсетті. Кейін кеш әскери әндер шеруімен жалғасты.

Аслан орындаған “Өз елім” әнінің дүниеге келуіне Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі мұрындық болған. Аслан Иманбаев “Өз елім менің, өзегім менің, жырыма қосып жүремін” деген тамаша теңеу сөздері бар бұл әнді қайда барса да айтып жүреді. Ауған соғысы отандастарымыздың жүрегіне жазылмайтын жара салған, тарихтағы қасіретті парақ. Тиісінше, осы соғыстың ардагерлерін құрметтеу әрқайсымыздың парызымыз дейді ол.

 

Аслан Иманбаев, Мағжан Жұмабаев ауданы:

– ҰОС болсын, Ауған соғысы ардагерлерінің қатары күн өткен сайын сиреп барады. Сондықтан оларды ұлықтап, ерлік істерін үлгі ету біз үшін ешқашан аздық етпейді.

 

Фестиваль бағдарламасына ауған тақырыбында жазылған Қазақстанның және ТМД елдері композиторларының әндері енгізілген. Бұл кеште шырқалған әннің қайсысы болмасын, сол бір заман жаңғырығын қайта еске түсірді. Фестивальге облыс аудандары және Петропавл қаласының вокалдық топтары, жеке орындаушылар, әскери мекеме қызметшілері мен институт курсанттары қатысуға ниет білдіріпті. Олар әнді орындаған сәтте, өлеңнің әр сөзін тұла бойларынан өткізіп, оның мағынасына терең үңіліп, байыппен айтуға тырысты.

 

Алмас Жанболатов, Мамлют ауданы:

-Ауған соғысы ардагерлерінің денсаулығы мықты болсын. Аспанымыз ашық болсын.

 

Кеш соңында сахнада ән шырқағандар арнайы сыйлықтармен және дипломмен марапатталды.

 

Берік Қасен