Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыс әкімінің “Зенченко и К” командиттік серіктестігіне жұмыс сапары

 

 

 

Облыс әкімі Самат Ескендіров зауыттың барлық мүмкіндіктерімен танысты. Алдымен, өңір басшысы кәсіпорын қазандығының жұмысын байқады. Бір ғана қондырғы зауытты жылытып, пневматиканы қамтамасыз етіп, сондай-ақ, дайын өнімді суытуға мүмкіндік береді. Бұл істің басы қасында жалғыз инженер жүреді. Зауытта сүт пен оның өнімдерін сақтауға арналған бірнеше тоңазытқыш жасақталған. Дайын тауарды жүк көліктеріне тиейтін арнайы қосындар да қарастырылыпты. Зауытқа шикізат “Зенченко и К” командиттік серіктестігінің сүт кешенінен тура жеткізіледі. Өңдеу орнында майлылығы әр қилы сүт, айран, қатық, ірімшік, қаймақ, сарысу, барлығы сүт өнімдерінің 45 түрі шағырылады. Бүгінде жергілікті зауыт қауқары өңір мектептерін, ауруханалар мен өзге де әлеуметтік мекемелерді және облыс халқын табиғи таза өніммен қамтуға жеткілікті.

 

Геннадий Зенченко, “Зенченко и К” КС директоры:

-Күнделікті зауытқа 40 тонна сүт жеткізіледі. Одан дайын өнім ретінде шығатын сүт 30 тонна болса, қалған 16 тоннаны айран мен өзге де өнімдер құрайды. Күнделікті 19 тоннасы Астана қаласына жөнелтіледі.

 

“Зенченко и К” командиттік серіктестігінің жаңа сүт зауыты өткен жылдың желтоқсанында іске қосылған болатын. Дегенмен, зауытта әлі де ретке келтіру жұмыстары жалғасуда.

 

 

Георгий Целых, “Зенченок и К” КС сүт зауытының директоры:

-Заманауи құрылғыларды сатып алуға 2 млн 100 мың еуро қаражатты “Қазагроқаржы” АҚ-нан лизингке алдық. Мұнда орнатылғаны негізінен неміс қондырғылары, орама қаптаушы және стерильдеуші аппараттар ғана Қытайда жасалған. Заманауи қондырғылар сүт өнімдерін дайындау уақытын қысқартып, керісінше, өнімді сақтау мерзімін арттыруға мүмкіндік берді.

 

Сүт өнеркәсібіндегі соңғы технологиялардың барлығы тоғысқан зауытта не бары 18-20 қызметкер еңбек етпек. Өйткені өндіріс басынан аяғына дейін автоматтандырылған. Кәсіпорын ашылғанда қызметке кіріскен Светлана Фукс қызметім жайлы, жалақым да көңіл көншітерлік дейді.

 

Светлана Фукс, “Зенченко и К” КС сүт зауытының қызметкері:

-Осы жерде желтоқсанын айынан еңбек етіп келемін. Жұмысым ауыр емес, өйткені бәрі автоматтандырылған. Қондырғыдан шыққан дайын өнімді қораптарға саламын. Жалақымыз да жақсы.

 

Ғимараттың екінші қабатында асхана мен сату бөлімінің қызметкерлері жайғаспақ.

Десе де, бүгінде барлық өндіріс зауыт аумағының үштен бірінде ғана орын тепкен. Геннадий Зенченко облыс әкіміне осы жерден көкөніс сақтау қоймасын ашу мүмкіндігі туралы жеткізді. Кәсіпорында 3-4 мың тонна өнім сақтауға әбден болады. Тіпті, кәсіпкер тұрақтандыру қорын өз алқаптарында өсірілетін картоп, пияз, қырыққабатпен қамтамасыз етуге әзірлігін білдірді. Бұл мәселе алдағы уақытта талқыланбақшы.

Бұдан кейін өңір жетекшісі Самат Ескендіров «Зенченко и К» КС Новоникольскідегі мал ұстайтын фермасында болды. Аймақ басшысы мал тұратын қысқы орын-жайлардың жағдайымен танысты. Қазір кәсіпорында симентал, қара- ала және канадалық тұқымды 6500 мыңға жуық ірі қара бар. Жыл соңына дейін шаруашылық жетекшісі мал басын 7000 мыңға жеткізуді көздеп отыр.

 

Геннадий Зенченко, «Зенченко и К» КС директоры:

– Өткен жылы 600 бас симентал тұқымды сүтті бағыттағы сиырлар әкелінді. Биыл міне 2-ші төлдерін алып жатырмыз. Сиырлар өздерін жақсы жағынан көрсетуде. 2015 жылы 300-350 бас ірі қараны сатып, түскен қаражатқа кәсіпорынды кеңейте түспекпіз. Жалпы бүгіндері күніне біз 50 тоннаға жуық сүт аламыз. Ол жаңадан ашылатын сүт зауытының толыққанды жұмысын қамтамасыз етпек.

 

Мұнда 160 бұзауға шақталған 5 тұрақ бар. Мына қорада жас төлдер аяқтанғанша, яғни 3 айлығына дейін қоныстайды. Өткен жылы кәсіпорын күніне 12 мың тоннадан астам сүт өндірген. 2014  жылы бұл көрсеткішті одан әрі жақсарта түспек. Сөйтіп шаруашылық жылына 13,5 мың тонна өнім алуды межелеп отыр. Қазір мұнда 720 адам еңбек етеді.

 

Самат Ескендіров, СҚО әкімі:

-Біз бүгін өңіріміздегі іргелі кәсіпорындардың бірін аралап жүрміз. Олардың істері бәріне үлгі болуы керек. Алдағы ашылатын сүт зауытында болдық. Бұл біз алда атқаратын үлкен жұмыстар.

 

Шаруашылық әлеуметтік саланы қолдауды да естен шығармайды. Өткен жылы Новоникольск ауылында хоккей қорапшасын тұрғызып берді.

 

Гүлмира Шоқтыбаева, Мағжан Ахмадина