Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тимирязев ауданы әкімінің есебі

 

 

 

Өңірдің негізгі табыс көзі ауыл шаруашылығы, сондықтан Тимирязев ауданының әкімі Қайрат Қасенов есепті баяндамасын осы саланың жетістіктерін тізуден бастады. Өткен орақ науқаны мұнда егіннің аса бітік шыққанын көрсетіп отыр. Шаруашылықтар 400 млн теңгеге жоғары өнімді заманауи 62 бірлік техника сатып алды. Орташа гектар берекелігі 28,2 центнерден айналыпты. Биыл сыйымдылығы 50 тонналық  астық  сақтайтын екі қойма салынатын болады. Қамбаға түскен өнімді ауданнан шығармай-ақ өңдеу жұмысы да жақсы жолға қойылған.

Қайрат Қасенов, Тимирязев ауданы әкімі:
– 5 диірмен,17 наубайхана 2 макарон цехы, жарма жарушы кәсіпорын 2,4 млрд теңгенің өнімін өндірді.
2011 жылы олар 43 тонна ет, 30 мың тонна ұн, 189 тонна жарма, 851 тонна нан, 12 тонна макарон өнімдерін шығарды. Одан өзге шағын және орта бизнесті қолға алған 400ден астам іскер кәсібін дөңгелетуде. Биыл екі сауда үйі бой көтереді.

Мал шаруашылығы да қолға алынған. Асыл тұқымды мал басын арттыру мақсатында 16 қолдан ұрықтандыру пункті жұмыс істейді. Мал бордақалайтын үш пунктқа биыл тағы 2-і қосылатын болады.

 Қайрат Қасенов, Тимирязев ауданы әкімі:
–  Өткен жылы “Сыбаға” мемлекеттік бағдарламасы аясында 62,3 млн теңгенің 14 жобасы жүзеге асырылды. Оның 30,3 млн теңгесі ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы, қалғаны аграрлық несие корпорациясынан алынды. Үстіміздегі жылы да бұл бағыт бойынша жұмыс атқаратын боламыз.  

Өткен 12 айда белгіленген меже асыра орындалып,  559 жаңа жұмыс орындары ашылыпты. Қазір еңбекке жарамды ауылдықтардың тек 0,5 пайызы ғана тұрақты табыс көзінсіз жүр екен.

 Қайрат Қасенов, Тимирязев ауданы әкімі:
– 257 адам қоғамдық жұмыстарға тартылды. “Жастар тәжірибесі” бағдарламасы аясында 10 түлек өндірістік тәжірибеден өтіп, сегізі тұрақты жұмысқа алынды. Еңбекпен қамту бағдарламасын жүзеге асыруға жоспарланған 11 млн теңге толығымен  игерілді.  

Тимирязев ауданының тұрғындары өткен есепті  кездесуде ауыз су мәселесін шешуді өтінген. Биыл ауданға қарасты барлық елді мекендерге тіршілік көзі жетпек. Кездесуге қатысқан тұрғындар баспана, жол мәселесін көтерді.

Сұрақ:

-Менің ұлым оқуын аяқтап, ауылға жұмыс істеуге келеді, жас мамандарды баспанамен қамту мәселесі қалай шешілетін болады.
Жауап:

– Былтыр 1500 шаршы метр үй салынды. Биыл тағы 15 үйдің құрылысын жоспарлап отырмыз. Оның біршамасы жас мамандарға арналған. Қажеттілік туындаса, тағы баспана көтеруге болады.  

Ақсуат және Мичурино ауылдарына қатынайтын 10 шақырымдық тас жолдың тозығы жеткен. Ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмеген асфальттің көп жері тесіліп, жамауға да келмей қалыпты. Есепті жиынға қатысқан облыс әкімі Серік Біләлов бұл мәселені шешуге қол ұшын беретінін жеткізіп қуантты.

 Серік Біләлов,  СҚО әкімі:
– Смета дайын болса, жолды күрделі жөндеуге 80 млн теңге бөлінетін болады. Сәуір айына дейін бар құжаттарды түгендеп, жұмыс ауқымын нақтылауды тапсырамын.
Кейін бұзылған жолды тегістейміз.   

Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы Тимирязев ауданында шешуін күткен әлеуметтік мәселелердің көп екенін айтты. Аудан басшыларының алдына бірқатар талаптар қойды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Өткен жылы аудан шаруашылықтарындағы мал басы төмендегені байқалады. Ірі қараның өзі 34 пайызға кеміген. Зеңгі баба төлдерін асылдандыру шаралары қолға алынбаған. Техникалық паркті кемінде 20 пайызға жаңартып отыру керек. Сонда өнімділік те артады. 9 дәрігер жетіспейді. Осы бағыттар бойынша кешенді шаралар қолға алынсын.

Кейін өңір жетекшісі Мичурино ауылындағы “Рахат” ойын-сауық орталығының жұмысымен танысты. Мұндағы бильярд, теннис, спорт залдары халық игілігіне берілген. Салауатты өмір салтын ұстанам деуші ауылдықтарға орталықтың есігі қашан да ашық.

  Александр Барамидзе,  “Мичуринское” ЖШС директоры:
Бұл қызметтер тегін. Ауыл жастары, аға буын өкілдері де келіп, денсаулықтарын шыңдап жүр. Сондай-ақ мұнда қонақжай, монша, сауна бар. Олардың да құны қымбат емес. Монша жасөспірімдерге 100, ересектерге 150 теңге. Жалпы сауық орталығының құрылысына 40 млн теңге жұмсадық. Оның 3 млн. теңгесіне спорттық жабдықтар алдық.

Жұмыс сапарының барысында Серік Біләлов мұндағы балабақша, шағын орталықтарды аралады. Бүгінде Тимиряев ауданындағы балдырғандардың  93 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған.

Жеңіс Ермұқанов