Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тауарлар бағасы мен тарифтер бақылауға алынған

 

 

Доллардың жетегінде қанттың құны көтерілуі мүмкін. Өйткені, өңірдегі шекердің 97 пайызы сырттан келеді. Кейбір жерлерде қанттың көтерме бағасы – 135 теңге, ал жекелеп алғанда 189 теңгеден сатылып жатыр деген сыбыс бар. Бірақ, қант тасымалдаушы кәсіпкерлер штаб өкілдерін қымбаттаса да, дәл мұндай бағаның болуы мүмкін емес деп сендірді.

 

Кебек Серекбаев, “СКБ Север” ЖШС директоры:

-Бұл жалған мәлімет. Шикізатты шетелден әкелеміз. Сол себепті, оның құны көтерілуі мүмкін.

 

Осы орайда Қайрат Бекенов қалалық әкімдіктің өкілдеріне жағдайдың мән-жайын білуді тапсырды.

Өңірде өзге еттің бағасы бір қалыпты, ал құстыкі 70 теңгеге көтеріліпті. Оның да себебін анықтау қажет. Ұн мен сүт өнімдері туралы уайымдауға себеп жоқ. Қала тұрғындары үшін ұнның қоры 4 айға жетеді. Қайрат Бекенов бизнесмендерден балықтың жайы не болып жатыр деп сұрады.

 

Светлана Белова, “Белова” ЖК директоры:

-Біздің өндірісіміз толығымен импортпен байланысты. Шикізатты сырттан, негізінен Ресейден әкелеміз. Біз бағаны өнімдердің барлығына бірдей көтерген жоқпыз. Кейбіреуінің құнына 20 пайыздан қостық.

 

Штабтың бұл жолғы отырысына Қайрат Бекеновтің көңілі толмады. Жиынға шақырылған кәсіпкерлер мен тиісті органдар барынша қамтылмаған. Штабтың кейбір мүшелері де кеңеске атүсті дайындала салған көрінеді. Көп жағдайда жиі естілетін “Жағдай бақылауда деген сөз – философия” екенін айтқан Қайрат Бекенов штаб мүшелеріне келесі жолы өнім түрі мен оның өндірушісі, бағасы – барлығы нақты әрі түсінікті жазылған кестемен келу қажет екенін ескертті.

Ал, осы отырысты ұйымдастыруға жауапты кәсіпкерлік және туризм басқармасы сауданы дамыту бөлімінің өкілдеріне бұған дейін айтылған тапсырмаларды есте сақтай алмасыңыздар мұндайда диктофон алып жүрген пайдалы деген кеңес берді.

Қайрат Бекенов жағдайды қадағалауды жергілікті монополияға қарсы инпекцияға тағы бір ескертіп, бензинді де назардан шығармауды тапсырды.

 

Қайрат Бекенов, СҚО әкімінің орынбасары:

-Бензинді қадағалау нәтижесінде бағасының тұрақты екеніне көз жеткіздік. Кеше таңертең тұрғындардың көбі біржолата сатып алу керек деп асыққан болатын. Шын мәнісінде, мұндай дүрбелең туғызуға еш себеп жоқ. Өйткені, бензиннің қоры 35-40 күнге жетеді, әрі қарай бұл бағыттағы жұмысты жалғастырамыз.

 

Егер азық-түлік пен бензиннің құнын, теңгенің айырбас бағамын негізсіз көтергендер болса, олар заңды түрде жауапқа тартылады.

 

Данаш Хамзина