Бизнес және экономика

Құрылыс бойынша сараптамалық кеңес құрылды

 

 

Былтыр 2012 жылмен салыстырғанда өңіріміздегі құрылыс көлемі 18,6 пайызға артқан. Бір жылда құрылысшылар 54 млрд теңгенің шаруасын тындырыпты. Бұл қаржының 6,7 млрд теңгесі тұрғын үйлер салуға жұмсалды. Барлығы 2013-те 115 мың шаршы метр баспана қолданысқа бірлген.

 

Владимир Балахонцев, СҚО әкімінің орынбасары:

– Биыл көлік нысандары бойынша халыққа қызмет көрсету орталығы салынады. Спорт сарайының іргесін қалауды бастаймыз. 2 мектеп пен 2 денешынықтыру-сауықтыру кешені бой көтереді. Қазақстандық несиелік компанияның қаражатына 96 және 116 пәтерлі тұрғын үй салынады.

 

Десе де бұл қарқын аталмыш саланың қарыштап алға басуына тым аздық етіп отыр. Бүгінде өңіріміздің жалпы ішкі өнімнің тек 4 пайызы ғана құрылыс саласының үлесінде. Белсенді жұмыс жасап келетін 5700-ден артық кәсіпкерлік субектісінің тек 398-і ғана оларға тиесілі екен. Аз уақыттың ішінде анағұрлым сапалы, бірақ барынша төмен бағаға нысан тұрғызу бүгінгі қоғам талабы. Құрылысшылар ондай тапсырысты еңсеруге қауқарсыз.

 

Владимир Балахонцев, СҚО әкімінің орынбасары:

– Құрылыс кәсіпорындарының техникалық деңгейі шалағайлау, заман ағымына ілеспейді. Тозығы жеткен құрылғыларды жаңарту жағы баяу жүргізіледі. Айналымдағы жеке қаражаттары шаруаны жаңғыртуға жеткіліксіз. Инновациялық тың бастамалар қолға алынбайды. Осының бәрі көп жағдайда тапсырыс уақытын шегеруге мәжбүрлейді. Қаланған нысанның сапасына кері әсерін тигізеді.

 

Бұл мәселелердің жүйелі түрде шешілуін қамтамасыз ету мақсатында өңірлік кәсіпкерлік палатасында сараптамалық кеңес құрылды. Оған “Основание” ЖШС директоры Сергей Тимофеев төрағалық етеді.

 

Сергей Тимофеев, СҚО кәсіпкерлер палатасының құрылыс бойынша сараптамалық кеңесінің төрағасы:

– Жобалық-сметталық құжаттамалар сапасыз жасалады. Нысанды аяқтағаннан кейін тапсыру жұмыстары 2 айға созылады. Кәсіби мамандар жетіспейді. Көбі өзге аймақтарға немесе көрші елдерде жұмыс істеуге кетеді. Бұл өңірімізде бекітілген жалақының төмендігінен. Бізде оқып үйренеді. Бірақ жиып терген білімі мен тәжірибесін басқа жаққа жұмсайды.

 

Құрылыс индустриясы да өңірімізде ақсап тұрғаны шындық. Қажетті материалдар сырттан жеткізіледі.

 

Андрей Капустин, “Альфа-север” ЖШС директоры:

– Құрылыс материалдарымен қамтамасыз ету жағы тым мүшкіл. Ең жақын дегені Астана қаласы мен Көкшетау облысынан тасымалдаймыз. Бұл біріншіден жол машақаты, тапсырыс келгенше уақыт жоғалтамыз. Сәйкесінше материалдардың құны өседі. Бұл жалпы құрылыс бағасының қымбаттауына әкеп соғуда.

 

Құрылыс алаңдары жұмыс жасауға орайластырылмайтын көрінеді. Алдын ала инженерлік желілер тартылмайды. Мәселен құрылысшылар аумақты тегістеп, тоқ өткізіп, батпақты жерді судан арылтқанша негізгі шаруа тежеледі. Екіншіден, бұл істер қаржыландырылмайды. Мәселен, бір нысанның іргесін қаламас бұрын кәсіпкер қалтасынан 2 млн теңгедей ақша жұмсайды екен.

 

Жеңіс Ермұқанов