Денсаулық сақтау

Ардагерлерді медициналық қызмет көрсету мәселелері толғандырады

 

Кездесуді аға буын өкілдері талайдан күткен. Ақ халаттылардың көмегіне жиі жүгінетін алдыңғы толқын өкілдерінің өңірдің бас дәрігеріне жолдар сауалдары да баршылық. Негізінен қарттарды алаңдататыны аурухалардағы кезектерді реттеу, тегін босатылатын дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі, еліміздің өзге қалаларында емделуге квота бөлу, тіс емдеу сияқты сұрақтар.

 

Қабдырахман Сақтағанов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Биылғы жылы жергілікті бюджеттен тіс емдеу үшін 20 млн теңге бөлініп отыр. Бұл қаражатқа тісті протездеу кірмейді. Былтыр аталған бағытқа 13 млн теңге бөлінген еді.

 

Компьютерлік тамографиядан өту машақатты дейді қариялар. Себебі денсаулығын тексерткісі келетіндердің қатары қалың. Ақы төлеген адамдар кезексіз өте береді, ал тегін жазылғандар айлап күтеді дейді. Қабдырахман Сақтағанов бұл мәселені шешу жағын ойластыратынын айтты.

 

Қабдырахман Сақтағанов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

– Өңіріміздегі емханаларда 4 компьютерлік тамография бар. Ол аппарат арқылы ҰОС ардагерлері, көпбалалы ана яғни, “Алтын белгі иегерлері, зейнеткерлер және 18 жасқа дейінгі жандар тегін өте алады.

 

Қаламызда 39 мың зейнеткер тұрады. 190-ы ҰОС ардагерлері. Қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Григорий Кухарь дәрігер кезегіне жазылу жағы қарттар үшін жеңілдесе дейді.

 

Григорий Кухарь, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

– Бұл қорданалып келе жатқан мәселе. Мәселен, көз дәрігеріне жазылу үшін таңғы 7-ден кезекке тұру керек. Одан кейін тіркеу орнына барсаң, онда талонның бітіп қалғандығын айтып айғай салады. Сосын кімнің талон алып үлгергендігін сұрап жүресің.

 

Қабдырахман Сақтағанов, СҚО денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

-Бұл орынды қойылған сұрақ. Бір ай бұрын облыс әкімі 1,3 емханаларда болғанда осы проблема жайында айтқан болатын. Және осы мәселені қадағалау керектігін тапсырды, сондықтан бұл қадағалауға алынған.

Осы кездесуден кейін, Қабдырахман Сақтағанов барлық медицана мекемелерінің бас дәрігерлерімен кездесіп, көптің көкейіндегі сұрақтарды шешуге жағдай жасауға уәде берді. Ардагерлер бұдан үмітті.

 

Бану Ахметова