Аптадағы маңызды жаңалықтар

Облыстық селекторлық кеңес

 



Алдымен өңір агроқұрылымдарының көктемгі егіс жұмыстарына дайындығы жайлы ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы есеп берді. Биыл аймақта 4 жарым млн гектар алқапқа дән себіледі. Қазіргі таңда жалпы сомасы 368 млн теңгеге 35 жаңа техника сатып алынған. Техника паркін жаңалау 4 ауданда ғана қолға алыныпты. Сондай-ақ төмендетілген бағамен берілетін жанар-жағармай үшін төлем жасау мәселесі де ақсап тұр. Уәлиханов ауданы қажетті жанар-жағармайдың – 16, ал Ақжар, Жамбыл, Ғ.Мүсірепов аудандары 18 пайызымен ғана қамтылған.

Иван Овчаренко, СҚО ауыл шрауашылығы басқармасының бастығы:
Үкімет 1 тоннасына 86 700 теңгеден әр аймаққа 65 мың тонна жанар-жағармай бөліп отыр. Операторлар мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер 2,4 мың тоннаға келісімшарт жасады. Оның 74 мыңы төленді. Дегенмен бұл жұмысты Аққайың ауданының шаруашылықтары әлдеқайда баяу жүргізуде.

Қазіргі таңда «Қазагроэкс» зертханасына сапасын тексеру үшін тұқым толық тапсырылған. Оның ішінде 1-ші және 2-ші кластысы 93 пайыз. Бұл көрсеткіш облыс бойынша Ғ.Мүсірепов, Уәлиханов және Ақжар аудандарында төмен. Сонымен қатар тұқым сұрыптарын жаңартуға да ерекше көңіл бөлінуде.

Айбек Көшенов, ҚР АШМ АӨК СҚО бойынша аумақтық инспекциясының бастығы:
Өткен жылы ғалымдардың ұсыныстарына сәйкес облыс бойынша бидай сұрыптарын жаңарту 3,5 пайызды құрады. Сұрыпты жаңарту Қызылжар, Тайынша, Айыртау аудандарында облыстық көрсеткіштен жоғары. Ал Жамбыл, Мамлют, Шал ақын аудандарында керісінше төмен болып отыр.

Селекторлық байланыс барысында өңір жетекшісі аудандардағы көктемгі егіс жұмыстарына дайындықтың қажет деңгейде жүргізілмейтіндігін сынға алып, бұл істі тездетуді тапсырды. Келесі мәселе – ірі қараның экспорттық әлеуетін арттыру. Биыл өңірімізге 36 630 бас ірі қара әкелу жоспарланған. Алайда кейбір аудандарда әлі бір де бір шаруашылық бұл бағытта жұмыстарын бастамай отыр. Сондай-ақ ветеринарлық станцияларды құруға байланысты аудандық әкімдіктердің шешімі шығарылмаған. Ал облыс орталығында мұндай мекеме құруға монополияларға қарсы инспекция мүлдем рұқсат бермепті. Бұған Петропавл қаласындағы ірі қара санының аздығы негіз болып отыр .

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
 Облыс орталығында жақын арада міндетті түрде ветеринарлық станция құру қажет. Аудандарда бұл мекемені құру үшін қолдау көрсетілмек. Қажетті соманың 8 млн теңгесі облыс қазынасынан бөлінетін болады. Тең жартысы аудандық бюджеттен. Сондықтан аталмыш мекемелерді жасақтауға ерекше көңіл бөлінген. Тиісті жұмыс атқару керек.

Бұл бағытта мардымсыз жұмыс атқарған Аққайың, Ғ.Мүсірепов және Тайынша аудандарының ауыл шаруашылығы бөлімдерінің бастықтарына қатаң сөгіс жарияланды. Сондай-ақ мал шаруашылығын дамыту бағдарламасын қажет деңгейде атқармағандығы үшін Қызылжар ауданының әкіміне ескерту жасалды. Ол мамандардың тапшылығына қарамастан ветеринарлық инспекторларды қысқартқан. Сондай-ақ облыс әкімі аудандардағы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізуге көмек көрсетіп, қадағалау үшін әр ауданға жауапты мамандарды бекітті. Ауа райы болжамы да сөз болды. Сәуір айы жылы болмақ. Сондықтан облыс әкімі сәуірдің ортасында ылғал сақтау жұмысына кірісуді тапсырды.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Аудан әкімдері егіс алқаптарында ылғал сақтау жұмыстарын қолға алулары тиіс. Ауыл шарауашылығы тауарын өндірушілерге келісімшарттар жасап, отандық зауыттардан минералды тыңайтқыштарды алуға қолдау көрсетуді тапсырамын. Сондай-ақ мал санын арттыру да басты назарда болуы керек.

Сондай-ақ Серік Біләлов бірінші орынбасары Айдарбек Сапаровқа жұмыс тобын құрып, аудандардағы көктемгі егіс науқанына дайындықты тексеруді тапсырды.

Инеш Шоқақова